Зеленский: Ресей соғысты әдейі созып, халықаралық қауымдастықты алдап отыр

Украина президенті Владимир Зеленский Ресей билігін соғысты ұзарту және келіссөздер процесін әдейі қиындату арқылы халықаралық қауымдастықты адастыруға тырысып отыр деп айыптады.
Бұл туралы ол 29 мамыр күні кешке жасаған үндеуінде айтты.
— “Ресей келіссөздерге емес, соғысты созуға мүдделі. Мәскеу өзіне қысым жасамаған елдерді тек алдап, уақыт ұтуға тырысып отыр. Тіпті олар уәде еткен меморандум да әлі күнге дейін ешкімге ұсынылмаған. Осы арқылы Кремль келіссөздерді әдейі тоқырауға ұшыратуда”, — деді Зеленский.
Оның айтуынша, Ресей тарапынан дайындалған құжат Украинаға да, АҚШ пен Түркияға да берілмеген. Дегенмен, Мәскеу аталған меморандумды АҚШ президенті Дональд Трампқа таныстыруды уәде еткен.
— “Тағы да Ресейдің айла-шарғысы. Олар келіссөздерді көзбояушылыққа айналдырғысы келеді. Бұл — Ресейге қысымды күшейту қажеттігін көрсететін кезекті дәлел”, — деді Зеленский.
Сонымен қатар Украина Қарулы күштерінің Бас қолбасшысы Александр Сырский майдан мен Ресей аумағындағы әскери операциялар туралы баяндама жасаған. Зеленский украин әскерінің дәлдігіне алғысын білдіріп, “Ресей соғыс салдарын өз аумағында сезінуі тиіс” деп атап өтті.
Айта кетейік, 16 мамырда Ыстамбұлда өткен келіссөздерден кейін Ресей тарапы атысты тоқтатуға қатысты ұстанымын көрсететін меморандум дайындағанын мәлімдеген болатын. Кремль бұл құжатты болашақ бейбіт келісімнің негізі ретінде ұсынбақ.
Сыртқы істер министрі Сергей Лавров 28 мамырда бұл құжат екінші келіссөз раундында, 2 маусым күні қайтадан Ыстамбұлда таныстырылатынын хабарлады.
Ал Украина Қорғаныс министрі Рүстем Умеров Киев өз ұсыныстарын Мәскеуге бұған дейін бергенін атап өтті. Сыртқы істер министрінің орынбасары Андрей Сибига болса, Ресейден құжатты дүйсенбіге дейін кешіктірмей жолдауды талап етті.