Израиль Тегеранға әуе соққысын жасады: ядролық қауіпке қарсы операция

13 маусымға қараған түні Израильдің әскери-әуе күштері Иран аумағына ауқымды соққы жасады.
Израиль тарапы мұны Иранның ядролық бағдарламасына тосқауыл қою мақсатында ұйымдастырылған арнайы операция деп мәлімдеді. Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху бұл шабуыл «Иранның уран байыту бағдарламасы мен баллистикалық зымыран жобасының жүрегіне» бағытталғанын хабарлады.
Шабуыл негізінен стратегиялық нысандарға бағытталған. Әуе соққылары Тегеранмен қатар Тебриз, Керманшах, Исфахан және Нетенз қалаларындағы ядролық инфрақұрылымға, зертханалар мен қоймаларға жасалды.
«Израиль “Күнге көтерілген арыстан” операциясын бастады — бұл біздің мемлекетіміздің өміріне қауіп төндіріп тұрған Иран қатерін жоюға бағытталған арнайы әскери науқан. Бұл операция аталған қауіпті толығымен жойғанға дейін жалғасады.
Ондаған жылдар бойы Тегерандағы тирандар Израильді жоюды ашық түрде және еш қысылмай талап етіп келді. Олар бұл геноцидтік ұрандарын ядролық қару жасау бағдарламасымен бекітті. Соңғы жылдары Иран тоғыз атом бомбасын жасауға жететіндей мөлшерде уран байытты», - деді Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху.
Халықаралық ақпарат агенттіктерінің хабарлауынша, шабуыл тек әскери және ядролық нысандарға ғана емес, сондай-ақ Иранның жоғары лауазымды әскери тұлғалары мен ғалымдарына да бағытталған. Атап айтқанда, шабуыл салдарынан Ислам революциясы сақшылар корпусының (КСИР) қолбасшысы Хоссейн Салами, ядролық физиктер Ферейдун Аббаси-Давани мен Мохаммад Мехди Техранчи қаза тапқан. Иран БАҚ-тары аятолла Хаменеи кеңесшісі Али Шамхани ауыр жарақат алғанын хабарлады.
Израиль билігі бұл қадамды “алдын алу шарасы” деп атап, Иранның ядролық қару жасауға жақын екенін алға тартты. Ал Иран тарапы шабуылды агрессия ретінде бағалап, қарымта жауап берілетінін мәлімдеді. Иранның қорғаныс министрлігі бірқатар зымыран мен дронның атып түсірілгенін хабарлады.
Иран Жоғарғы көшбасшысы аятолла Али Хаменеи Израильге жауап беретінін мәлімдеді. Израильдің қорғаныс министрі Исраэль Кац алдағы уақытта ел аумағына зымырандар мен дрондар арқылы шабуыл жасалуы мүмкін екенін айтып, бейбіт тұрғындарға да қауіп төніп тұрғанын ескертті.
Дональд Трамп Fox News арнасына берген сұхбатында Израильдің Иранға шабуыл жасайтыны туралы алдын ала білгенін, алайда бұл операцияға Америка Құрама Штаттарының қатысы болмағанын айтты. Дегенмен ол АҚШ-тың өзін де, Израильді де қорғайтынын жеткізді және Тегеранмен келіссөз үстеліне қайта оралуға үміт білдірді.
«Бүгін түнде Израиль Иранға қарсы біржақты әрекетке барды. Біз Иранға қатысты соққыларға қатыспаймыз. Аймақтағы америкалық күштердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге баса назар аударамыз», - деді Рубио.
Айта кетейік, соңғы айларда Таяу Шығыста Иран мен Израиль арасындағы шиеленіс ушығып тұрған. Бұл шабуыл аймақтағы жағдайды одан әрі ушықтыруы мүмкін деп бағалап отыр.
Қақтығыс ушығуына байланысты Израиль, Иран және Ирак өздерінің әуе кеңістіктерін уақытша жапты.
Израильдің Иранға жасаған әуе шабуылынан кейін әлемдік мұнай нарығында баға күрт өсті. Халықаралық нарықта Brent маркалы мұнай фьючерстерінің құны бірден 7%-ға көтеріліп, бір баррель үшін 75,3 долларды құрады. Бұл — сәуір айының басынан бері тіркелген ең жоғары көрсеткіш.
Сарапшылар мұнай бағасының өсуін Таяу Шығыстағы геосаяси ахуалдың шиеленісуімен байланыстырады. Аймақ әлемдегі негізгі мұнай жеткізушілерінің бірі болғандықтан, кез келген әскери жанжал логистикалық тізбектердің үзілу қаупін арттырады. Бұл өз кезегінде ұсыныстың қысқаруына және нарықтағы бағаға қысым түсуіне әкеп соғады.
Қауіптің күшеюі инвесторлардың алаңдаушылығын арттырып, нарықта мұнай қорына деген сұранысты жеделдетті. Сонымен қатар, алдағы күндері бағаның одан әрі көтерілу ықтималдығы да жоққа шығарылмайды. Жағдай тұрақталмаса, мұнай бағасы 80 доллардан да асып кетуі мүмкін.
Қазақстанның Израильдегі елшілігі азаматтарға үндеу жасады:
«Таяу Шығыстағы жағдайдың ұшығуына байланысты Қазақстанның Тель-Авивтегі елшілігі Израильдегі барлық қазақстандықтарға Тыл қолбасшылығының нұсқауларын (https://www.oref.org.il/ru) сақтауға, қауіпсіздік шараларын барынша күшейтуді, сақтық пен қырағылық танытуды, соңғы жаңалықтарды қадағалауды, сондай-ақ Қазақстан Елшілігімен байланыста болуды сұрайды», - делінген ақпаратта.