Шымкенттегі атыс, сот басталды: айыпталушы Жиембайды түсіруге неге тыйым салынды?

Шымкенттегі қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта Руслан Берденовке жасалған қастандыққа қатысты іс бойынша алдын ала тыңдау басталды.
Бұл іске байланысты Ернар Жиембай күдікті ретінде танылып отыр.
Айыпталушы Ернар Жиембай жақында ғана “Тұрғын үй Шымкент” ЖШС-ін басқарған. Бұл – үйлер мен инфрақұрылымға күрделі жөндеу жүргізумен айналысатын коммуналдық мекеме. Тек 2024 жылы бұл компания арқылы 3,4 млрд теңгеден астам бюджет қаржысы өткен.
Бейресми деректерге сүйенсек, Жиембай мен Берденов арасында ішкі тексерістен кейін келіспеушілік туындаған. Көп ұзамай мекеме басшысы қызметінен босатылған. Айыпталушының өмірбаянына қарағанда, ол кезінде ІІМ академиясынан офицер болуға талпынып, алайда төбелестен кейін оқудан шығарылған.
Жәбірленуші Руслан Берденов — бұрынғы мәжіліс депутаты. Ол қаржы және бюджет комитетінде жұмыс істеген, белсенді әрі принципшіл басшы ретінде танылған. Шымкент қаласы әкімінің орынбасары қызметіне шабуылдан екі ай бұрын ғана тағайындалған. Әріптестерінің айтуынша, ол құрылыс саласында тәртіп орнатуға тырысқанда қысым көре бастаған.
Сот процесі қазақ тілінде, ашық форматта өтеді.
Бұған дейін хабарланғандай, Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотына азамат Ж.-ға қатысты қылмыстық іс түскен. Ол Қылмыстық кодекстің 24-бабы 3-бөлігі және 99-бабы 1-бөлігі бойынша (“Адам өлтіруге оқталу”) айыпталып отыр.
Судья Әбінұр Қарабаев тараптардың пікірін ескере отырып, сотталушыны түсіруге тыйым салынғанын жария етті.
Еске сала кетейік, биыл 21 сәуір күні кешке Шымкент қаласы әкімдігінің ғимараты маңында Руслан Берденовке оқ атылған. Ол жарақат алып, ауруханаға жеткізілді. Көп ұзамай күдікті ұсталған.
Осы оқиғадан кейін интернетте түрлі болжамдар тарай бастады. Оның ішінде шабуылдың тұрмыстық сипатта екені, шабуылдаушының қызғаныш себебінен әрекет еткені туралы да айтылды. Алайда Шымкент әкімдігі бұл мәліметтерді теріске шығарды. Әкімдік баспасөз қызметі шабуыл себептері ретінде Берденовтің әйелге тиісуі туралы ақпарат шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.
Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері басқармасының басшысы Айгерім Жұмақұлова полиция департаменті ғимаратында ұсталған азаматтың жұбайымен кездескенін айтты. Кездесу барысында жас әйелдің Руслан Берденовпен таныс еместігі анықталған.
Мамыр айында Руслан Берденов ауруханадан түсірілген суреттері мен жазбасын жариялады. Онда ол болған жағдайды өзіне, отбасына және жақындарына ауыр соққы болғанын жазған. Алайда осы кезеңде көп адамдардың қолдауы оған күш бергенін айтып, ризашылығын білдірді.
Сондай-ақ, Руслан Берденовтің бизнестері туралы жазған едік.