Оқушылар мектепте қаржылық сауаттылықты меңгереді: инвестиция, салық, несие жайлы білім ерте жастан беріледі

Қазақстан мектептерінде оқушыларға қаржылық сауаттылықты үйрету жүйелі түрде жолға қойылмақ. Балалар енді ақшаны санауды ғана емес, оны жинап, тиімді басқаруды, тіпті инвестиция жасауды да үйренеді.
Бұл білім оларға жас кезінен қаржыны дұрыс басқару дағдыларын қалыптастырып, ертеңгі күні несие тұзағына түсіп кетпей, байсалды әрі саналы шешім қабылдай алатын азамат болып өсуіне жол ашады.
2026 жылдан бастап барлық мектепте енгізілетін бұл бағдарлама алғашында бірнеше білім ордасында пилоттық жоба ретінде басталады. Қазірдің өзінде оқулықтар әзірленіп, мұғалімдер арнайы курстардан өтіп жатыр. Қаржылық білім жеке пән ретінде емес, бұрыннан бар «Жаһандық құзыреттер» сабағы аясында оқытылады.
Жаңа оқу бағдарламасы 5-11 сынып оқушыларын қамтиды. Бұл жастағы балалар отбасылық бюджетті жоспарлау, табыс пен шығысты есептеу, ақшаны үнемдеп, жинақтау секілді практикалық машықтарды игереді. Олар депозит, акция, облигация сияқты қаржы құралдарымен танысып, қайсысы қандай жағдайда тиімді екенін саралай алады. Мұғалімдердің айтуынша, оқушыларға күнделікті өмірге жақын, нақты мысалдар арқылы білім беріледі. Мәселен, «айфон сатып алу мен өзіңе пайдалы курсқа жазылу арасында қандай айырмашылық бар?» деген сұрақ төңірегінде оқушылар таңдау жасап, өз шешімінің салдарын талдайды. Бұл – қаржылық ойлауды қалыптастырудың алғашқы қадамы.
9-11 сынып оқушылары үшін халықаралық емтихандарға дайындық, оның ішінде IELTS секілді сынақтарға қаржы жинау да мысал ретінде қарастырылады. Мұғалімдердің айтуынша, балалар ата-анасының берген ақшасын ұқыпты жұмсауды үйреніп, нақты мақсат үшін жинауға дағдыланады. Бұл олардың болашағына инвестиция жасаудың маңызын ерте түсінуіне көмектеседі.
Қаржылық білім бастауыш сыныптарда да беріледі. Алайда бұл деңгейде балаларға күрделі экономикалық ұғымдар емес, «ақша деген не?», «оны қалай табуға және қайда жұмсауға болады?» деген сияқты қарапайым тақырыптар ұсынылады. Бастауыштағы «Дүниетану» пәнінде түрлі жағдаяттық тапсырмалар арқылы оқушылардың ойлау қабілеті мен қаржылық түсінігі біртіндеп дамытылады. Мысалы, балалар топпен жұмыс істей отырып, ақша үнемдеу туралы диалог жүргізеді, ойын формасындағы тапсырмаларды орындайды.
Оқу-ағарту министрлігіне қарасты Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының өкілдері бастауыштағы мұндай тәсіл балалардың қаржылық сауатын қалыптастыруда маңызды рөл атқаратынын айтады. Олар ойын арқылы қаржылық жауапкершілікті сезініп, шешім қабылдау қабілетін дамытады.
Қаржылық сауаттылықты мектеп бағдарламасына енгізу – президенттің 2023 жылғы Жолдауында берілген тапсырмалардың бірі. Президент бұл арқылы халықты қаржылық мәдениетке баулу, әсіресе, несиеге тәуелділіктен арылу мәселесін шешуді көздеген болатын. Себебі бүгінде елімізде банктер алдындағы жалпы берешек көлемі 40 триллион теңгеден асып отыр. Оның шамамен 19 триллионы – кәсіпкерлердің, ал қалғаны қарапайым азаматтардың мойнындағы қарыз.
Сондықтан мектепте қаржы сауаттылығын арттыру – бүгінгі күннің сұранысына сай келетін, болашақ буынды қаржылық тұрақтылыққа баулуға бағытталған маңызды қадам. Енді балалар ақшаны тек жұмсауды емес, оны жоспарлы түрде көбейтуді, қаржылық мақсат қоюды және оған жету жолдарын нақты есеппен бағамдауды үйренетін болады.