Ұлттық қордан балаларға төлем: Делдалдық қызмет көрсететін алаяқтар пайда болды
"Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасы іске қосылмай жатып, делдалдық қызмет ұсынатын алаяқтар пайда болды. Жауапты мамандар тұрғындарға ешкімге ақы төлемей, еш қиындықсыз құжаттарды тіркеуге болатынын ескертті, деп жазды Zhasalash.kz.
"Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасы алдағы 2024 жылдың 1 қаңтарынан басталады. Оның шеңберінде барлық кәмелетке толмаған қазақстандықтарға 18 жасқа дейін жыл сайын Ұлттық қордың жылдық орташа инвестиция табысының 50 пайызы теңдей үлестіріледі.
Алайда қазір әлеуметтік желілерде балалардың деректерін енгізуге ақылы қызмет ұсынатын алаяқтар пайда болған. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры осы сарындағы хабарламаларға мән бермеуге кеңес береді.
"Балаларыңыздың деректерін тексеріп, енгізуді өзіңіз де тегін және өз бетіңізбен, еш қиындықсыз іске асыра аласыз. Ол үшін ешқандай құжат жинаудың, шот ашудың, қандай да бір мекемелердің табалдырығын тоздырудың қажеті жоқ. Қазірге жасалуы тиіс жалғыз маңызды нәрсе – балаңыздың жеке бас деректерінің бар болуын және құжаттарының дұрыстығын egov.kz порталы арқылы тексеру", – деп қосты жауаптылар.