Си Цзиньпин қытайлық кәсіпкерлерді баға соғыстарын тоқтатуға шақырды

Си Цзиньпин Қытайдың қаржы және экономика жөніндегі Орталық комиссиясының отырысында сөз сөйлеп, ел ішінде тұтынушылар үшін төмен баға арқылы орын алатын бейберекет бәсекені реттеудің маңыздылығын атап өтті.
Бұған дейін шенеуніктер бұл мәселені талқылағанда жұмсақтау, бейтарап ұғым – «инволюциялық бәсеке» (ішкі ресурстарды өзара тұтыну арқылы дамуға кедергі келтіретін үрдіс) деген терминді қолданатын.
«Клиенттер үшін төмен баға арқылы орын алатын бейберекет бәсекені заң аясында реттеп, компанияларды өнім сапасын арттыруға және ескірген өндірістік қуаттарды біртіндеп қысқартуға бағыттау қажет», - деді Си Цзиньпин.
Бейжің бұл баға бәсекесінің әлемдегі екінші ірі экономикаға кері әсер ететінін, инновацияны тежейтінін, тиімділікті төмендетіп, өнім сапасының артуына кедергі келтіретінін айтады. Зерттеушілер мен сала өкілдерінің пікірінше, Қытай ішіндегі бұл қатаң бәсеке өндірістік экожүйеге қауіп төндіріп, АҚШ-пен болып жатқан сауда соғысы аясында елдің даму келешегін қиындатады. Мәселен, бір кезеңде АҚШ Қытай тауарларына 145%-ға дейін баж салығын салған, кейін ол уақытша 30%-ға дейін төмендетілген.
Арматура өндіретін ірі зауыттардың иесі Цао Лэйдің айтуынша, болат өндірісінде кей компаниялар өнімін өзіндік құнына немесе тіпті шығынмен сатады, ал сауда платформалары сатушыларға трафик пен клиенттерді сақтау үшін субсидия береді де, өздері шығынға ұшырайды.
Ал автоөнеркәсіп саласындағы сарапшы Цуй Эрнан баға соғысы бұл салада да жалғасып жатқанын айтты. Оның айтуынша, нарықтағы ұсыныстың шектен тыс көптігі баға бәсекесін күшейтіп, тиімсіз компаниялардың жабылып, тиімді өндірушілердің бірігуін кешеуілдетіп отыр. Бұл жағдай әлі бірнеше жылға созылуы мүмкін.
Айта кетейік, бұған дейін Қытай зауыттары экспортты АҚШ-тан басқа нарықтарға бағыттап жатқаны хабарланған. 2025 жылғы мамыр айында Еуропаға экспорт 12%-ға, Германияға – 22%-ға, ал Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне – 15%-ға артқан.