Трамп Ресеймен сауда жасайтын елдерге 500% баж салығы салуды қолдады

Трамп Украинадағы соғыс жалғасып жатқан тұста Ресеймен сауда қатынасын үзбеген мемлекеттерге қарсы 500% баж салығын енгізуді көздейтін заң жобасын қолдады.
Бұл туралы 30 маусымда жобаның бастамашыларының бірі, сенатор-республикашыл Линдси Грэм ABC арнасына берген сұхбатында хабарлады. Сенатордың айтуынша, Трамп бұл бастаманы алғаш рет жеке өзі мақұлдаған.
«Кеше гольф алаңында жүргенімізде, Трамп: “Бұл заң жобасын ілгерілететін уақыт келді”, - деді», - деп атап өтті Грэм.
Аталған құжатты АҚШ Конгресінде Тәуелсіздік күнінен кейін, яғни 7 шілдеден соң қарау жоспарланып отыр. Грэмнің түсіндіруінше, заң жобасы Үндістан мен Қытай сияқты елдерге санкция енгізуге жол ашады.
«Егер сіз Ресейден мұнай сатып алып, сонымен қатар Украинаға еш көмек көрсетпесеңіз, онда сіздің АҚШ-қа экспорттайтын тауарларыңызға 500% баж салығы салынады. Қазір Путиннің мұнайының 70%-ын Үндістан мен Қытай сатып алып отыр – бұл оның соғысын қаржыландырып отыр деген сөз», - деді сенатор.
Ол бұл бастаманы 84 сенатор қолдап отырғанын, ал заң жобасы Трампқа Ресеймен байланысы бар елдерге қысым көрсетуге қажетті қосымша құрал болатынын айтты. Дегенмен, Трамп бұл заңды ресми түрде мақұлдай ма – ол жағын нақтыламады.
Биыл 1 сәуірде Линдси Грэм мен демократ сенатор Ричард Блюменталь бастаған қос партия өкілдері Ресейге қарсы жаңа шектеулерді қарастыратын заң жобасын таныстырған болатын. Құжатта Ресейден мұнай, газ, уран немесе өзге де өнім импорттайтын елдердің тауарларына 500% кедендік тариф енгізу ұсынылған. Бастама авторлары бұл шараны Конгресстің екі палатасы да қолдайды деп сендірген.
Алайда 19 мамырда Трамп Ресей президенті Владимир Путинмен кездесуден кейін жаңа санкциялардан бас тартты. Ол кезде Украинада бітімге қол жеткізілмеген болатын.
Сәуір айының басында Трамп АҚШ-тың сауда серіктестеріне 50% тариф салуға ұмтылып, бұл бірқатар елдердің қарсы шаралар қабылдауына себеп болған. Кейін ол осы салықтардың көбін тоқтатып, сауда келіссөздерін бастауға көшті.
Линдси Грэм мен Ричард Блюменталь бұған дейін де Ресейге қатысты бірнеше қатаң ұсыныстар жасаған болатын. Олар 2022 және 2024 жылдары Ресейді «терроризмді қолдаушы мемлекет» деп жариялауды ұсынған. Сонымен қатар 2025 жылдың наурызында Ресейдің мұздатылған 300 миллиард доллар активін тәркілеп, Украинаға беру жөнінде бастама көтерген. Алайда бұл ұсыныстардың ешқайсысы іске асқан жоқ.