Идеядан индустрияға дейін

Адамзат өркениетінің тарихына көз салсақ, ең ұлы жетістіктер тек экономикалық немесе әскери қуатпен ғана өлшенбейтініне анық көз жеткізуге болады.
Ежелгі Грекиядағы философия мен театр, Қайта өрлеу дәуіріндегі өнер мен ғылым, ХХ ғасырдағы кино мен әдебиет мұның бәрі – адамның рухани, символикалық әлемге сұранысы бар екенін дәлелдейді.
Дәстүрлі өндіріс формалары азайып, технология мен ақпараттық экономика алдыңғы қатарға шыққан заманда идеяның, образдың, символдың құны арта берері анық. Бұрын еңбек күші мен шикізат маңызды рөл атқарса, қазір шығармашылық ой, мәдени мазмұн, символдық капитал басты ресурсқа айналды. Бұл, бір жағынан,экономикалық заңдылықтардың өзгеруін білдірсе, екінші жағынан, адамның өзіне, оның ойлау қабілетіне, ішкі интуициясына, эстетикалық түйсігіне деген сенімнің артуын көрсетеді. Ендеше, креативті индустрия – қазіргі экономиканың жүрегінде соғып тұрған идеялық мотор. Сондықтан оны дамыту – кез келген елдің алдында тұрған маңызды міндет. Бүгінде еліміздің мегаполисі саналатын Шымкент қаласы да креативті индустрияны дамытуда үлкен жобаларды қолға алып, сәтті қадамдар жасап жүр. Мәселен, мамыр айында Шымкентте креативті индустрияны қолдауға бағытталған тың жоба Shymkent Creative Hub креативті орталығы өз жұмысын бастаған еді. Шығармашыл жандар, әсіресе креативті жастар үшін бұл орталықтың пайдасы орасан. Жаңа кеңістік қаладағы шығармашылықпен айналысатын мамандарды бір арнаға тоғыстырып, олардың кәсіби дамуына, идеяларын жүзеге асыруына және табыс көзін кеңейтуіне мүмкіндік береді. Креативті хаб Visit Shymkent туристік-ақпараттық орталығының негізінде ашылып, заманауи инфрақұрылыммен жабдықталған. Жалпы ауданы 540 шаршы метрді құрайтын бұл ғимаратта бірнеше бағытқа арналған аймақтар, мәселен,көрме және сату алаңы, дизайнерлік киімдерге арналған подиум, кино және анимация жобаларын жүзеге асыратын студия, шеберлік сағаттары мен іс-шараларға арналған алаңдар және конференц-залдар бар. Мұнда қолөнершілер, зергерлер, суретшілер, дизайнерлер мен контент-мейкерлер бірлесе жұмыс істейді. Олар өз өнімдерін көрсету, өткізу, тәжірибе алмасу және шығармашылық жобаларды дамыту мүмкіндігіне ие. Шымкенттік жас маркетолог Мөлдір Құрақ креатив индустрияны жаһандану жағдайындағы жұмсақ күшке балайтынын айтқан еді.
«Креатив индустрия – ұлттың мәдени бейнесін, рухани болмысын, эстетикалық көзқарасын әлемге танытудың ең ғажап жолы деп ойлаймын. Көркем фильм, заманауи өнер, дизайн, ұлттық стиль, музыкалық өнімдер мұның бәрі – жаһандану жағдайындағы бір ұлттың жұмсақ күші. Мысалы, корей толқыны деп аталатын жаһандық феномен – ән мен сериал арқылы жүзеге асқан мәдени экспансия. Бірақ бұл кездейсоқ табыс емес, мемлекеттік саясаттың нәтижесі. Өнер мен экономика қатар өріліп, шығармашылық пен менеджмент бірін-бірі толықтырған модельдің жемісі. Яғни креативті индустрия – тек өнер дегеннен гөрі стратегиялық ресурс деген дұрыс шығар. Ол арқылы мемлекет өзінің мәдени кодын әлемдік нарыққа шығарып, брендке айналдырады. Қазір айналамда еркін ойлы, өз пікірі мен позициясы бар замандастарым көп. Бұл салада адам өз ішкі дауысына құлақ түреді, өз түйсігіне сенеді, өз қолтаңбасын қалыптастырады. Бұл жерде стандарт, нұсқау, қатқан қалып жоқ. Мұнда шабыт, интуиция, сезім мен идея ғана бар. Осы тұрғыдан алғанда, креативті индустрия адамның рухани эволюциясының тағы бір формасы. Ол адамды жалаң тұтынушыдан ой иесіне айналдырады. Шығармашылықпен айналысатын адам қоғамға жай өнім ұсынбайды, жаңа мағына, жаңа образ, жаңа шындық жасайды», – дейді жас маман.
Креативті индустрияның ең басты құндылығы – оның синтезге, мазмұн мен шекарасыз ой мен пікірге негізделуі болса керек. Бұл салада эстетика мен этика, нарық пен рух, өнер мен технология тоғысады. Жастардың басы бөлігі осы салаға сол үшін де құштар. Шымкент қаласында бүгінде креативті индустрия бағытында 2 300 кәсіпкер тіркелген екен. Олардың басым көпшілігі халық қолөнері, сән мен дизайн, контент жасау және зергерлік өнер салаларында жұмыс істейді. Қалада 150-ден астам кәсіпкерді біріктіретін арнайы Креативті индустрия ассоциациясы да құрылған.Өткен жылдың қорытындысы бойынша Шымкенттің креативті индустрия кәсіпкерлерінен түскен салық көлемі 4 миллиард теңгеден асқан еді. Бұл саланың экономикалық маңызы күннен-күнге артып келе жатқанын көрсетеді. Жаңа хабта алдағы уақытта этностильдегі бұйымдар, құрақ құрау, зергерлік өнімдер, заманауи сән мен қолөнер бағыттарында шеберлік сағаттары, фестивальдер, сән көрсетілімдері мен түрлі семинарлар тұрақты түрде ұйымдастырылып тұрмақ. Жаңа буын режиссерлер, дизайнерлер, музыканттар, подкастерлер, контент жасаушылардың бәрі жаңа креативті өндіріс өкілдері. Олар ұлттық кодты жаңа формада ұсынуға, қазақтың дәстүрлі болмысынзаманауи талғаммен байланыстыруға ұмтылып жүр. Бірақ бұл үрдісті институция ретінде орнықтыру үшін жүйелі саясат, эстетикалық білім, қаржылық, медиалық қолдау қажет екенін де ескерген жөн.
С.Бақберген
Шымкент қаласы