Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 15:50

“Нұрғанатты асылып қалды деді”: Қаржаубай Айтбек туралы шындықты айтты

Айтбек
Фото: zhasalash.kz

Марқұм Шерзат Полаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов журналист Руслан Өтепбайға сұхбат берді.

Қаржаубай Нұрымов журналист Руслан Өтепбайға сұхбат беріп, іс бойынша бірқатар маңызды жайттарға тоқталды. Ол әңгіме барысында Айтбек Амангелдінің бұл іске қалай араласқанын және кейін оның көмегінен не себепті бас тартқанын жан-жақты түсіндірді. Сонымен қатар сот шешіміне қатысты жеке көзқарасын да білдірді.

Қаржаубай Нұрымовтың айтуынша, қайғылы жағдай орын алған сәтте отбасы ауыр қаржылық жағдайда болған. Кәсіптерінің жұмысы тоқтап, табыс көзі уақытша үзілген. Қалыптасқан қиындықтарға байланысты олар белгілі бір уақыт ішінде қарыздарын жаба алмай, тығырыққа тірелген. Осы тұста Айтбек Амангелді көмегін ұсынып, қол ұшын созуға дайын болғанымен, кейіннен туындаған сенім мәселелері мен көзқарастардың алшақтығына байланысты оның көмегінен бас тартуға мәжбүр болғанын айтты.

“Ақша жоқ, бәрі затпен тұрғаннан кейін елге бірдеңе сатайын десең, жарты бағасына сұрайды. Қарызда ақшамыз болғанмен, оны жинай алмадық. Осы кезде достарымыз ақша жинап, адвокат жинайық деген. Келісіп, адвокаттар іздей бастадық. Талғардан адвокаттар хабарласты. Бірақ Талғардан ешқандай адвокат алмаймын деп шештім”, - деді ол.

Айтбек Амангелдіге Қаржаубайдың туысы өтініш жасаған екен. Ал Шерзаттың әкесі бұл туралы білмепті.

“Айтбек басында қайғысы бар азамат болғандықтан, мені түсінеді деп ойладым. Дегенмен ол туралы, оның адвокаттары жайлы жаман ешнәрсе айта алмаймын. Жақсы адам жақсылығын, жаман адам жамандығын істейді. Сот өтті. Енді айтқанмен пайда жоқ. Бірақ жақсы адам жарты жолда лақтырмайды деп ойлаймын. Олар “бәрібір адвокат таба алмай, қайтып келеді” деп ойлаған болар. Бірақ Аллаға шүкір, Мейірман ағаға мен хабарласқанда, ол көмек беруден бас тартқан жоқ. Қолынан келгенше көмектесті. Соған ризамын”, - деді Шерзаттың әкесі.

Ол Айтбек Амангелдінің командасындағы адвокаттарға шағымы жоқ екенін айтады.

“Ақмарал, Карина, Саида маған қолдау көрсетті. Оны жоққа шығара алмаймын. Олардың еңбегін бағаламау – ұят. Ал Айтбекпен келіспеушіліктер болды. Ол мені қараласа да, ол туралы жақсы/жаман деп ештеңе айтпаймын. Әркімнің ісін халық өзі бағалайды ғой”, - деді Нұрымов.

Қаржаубай Нұрымовтың айтуынша, Айтбек Амангелді істі өз бақылауына алған сәттен бастап, басқа адвокаттардың іске араласуына қарсы болған. Ол бұл іспен тек өзінің командасы ғана айналысатынын нақты айтып, құқықтық қорғау процесін толықтай өзі басқарғысы келген. Бұл ұстаным отбасы үшін күтпеген жайт болған.

Сонымен қатар Қаржаубай Нұрымов тергеу барысындағы маңызды деректердің бірқатарын бастапқыда мүлде білмегенін айтты. Оның сөзінше, Шерзаттың өліміне қатысты іс бойынша тек бір ғана адамға "адам өлтіру" бабымен айып тағылып, ал қалған күдіктілерге тек "бұзақылық" бабы бойынша іс қозғалғанын ол тек кейін, істі адвокат Мейірман Шекеев жүргізе бастағанда бір-ақ білген. Бұл дерек отбасы үшін шынайы жағдайды түсінуге түрткі болған.

Айтбек Амангелдімен арадағы қарым-қатынастың үзілуіне себеп болған жайттардың бірі — оның Нұрғанат Ғайыпбаев туралы айтқан пікірі. Адвокат оқиға орнынан табылған марқұм туралы "өзі асылып қалған" деген тұжырым жасаған. Қаржаубай Нұрымовтың айтуынша, бұл сөз оған қатты әсер етіп, адвокатқа деген сенімді жоғалтуға себеп болған. Осындай келіспеушіліктер мен пікір алшақтықтары нәтижесінде отбасы Айтбек Амангелдімен істі тоқтату туралы шешім қабылдаған.

“Ол халыққа Нұрғанатты асылып қалды деп айтты. Ол ондай ақпарат беретіндей тергеуші де емес, заңгер де емес. Туыстарым соған наразы болды. Ол кезде де “мүмкін, солай айту керек шығар” деп оларды тыныштандырдым. Кейін тағы да келіспеушіліктер болды. Алайда мен адвокаттарынан бас тартпадым, ресми түрде келісімшартты үзген жоқ едік”, - деді Қаржаубай Нұрымов. 

Бұған дейін Шерзаттың әжесі адвокат Мейірман Шекеевке жүгініп, отбасыға жасалып жатқан ақпараттық шабуыл мен қаралау әрекеттеріне қарсы құқықтық көмек көрсетуді сұраған. Алайда Шекеев тікелей Қаржаубай Нұрымовтың өзі хабарласып, ресми өтініш білдіруін күткенін айтады.

“Мен желіге осы жайт бойынша өз өкінішімді білдіріп, видео жүктедім. Көпшілігі “істі алыңызшы” деп жазды, алайда жәбірленуші тарап өзі айтпайынша, қосыла алмадым. Қаржаубайдың “іс сізге аманат” деген сөзі маған әсер етті. Ол басқа күдіктілердің “Бұзақылық бабы бойынша сотталайын деп жатқанын білмеген екен. Естіген кезде шок болды. Кейін істі екі команда бірігіп қолға алсын деп өтініш жасадым, құжаттарды сұрап, адвокаттарға жаздым. Алайда Саида да, Айтбек те жауап бермей қойды. Аз уақытта 62 томды оқу керек болды”, - деді Шекеев. 

Мейірман Шекеевтің айтуынша, бастапқыда іс барлық күдіктілерге Қылмыстық кодекстің 99-бабы — "Адам өлтіру" бойынша қозғалған. Алайда уақыт өте келе тергеу барысында бап өзгертіліп, тергеушілердің шешімімен кейбір күдіктілерге қатысты айыптау жеңілдетілген.

“Айтсаң, өз әріптестерім, алайда олар шағымдануға ниет білдірмеген. Сараптама бойынша өлімге пышақ сұққаны әсер еткен де, ұрып-соққаны жеңіл дәрежедегі зақым деп есептелген. Алайда іс кісі өлтіруге оқталу деп саралануы керек еді”, - деді ол.