Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 15:15

Ресей Украинадағы литийдің екінші ірі кен орнын басып алды

Украина
Фото: БАҚ

Франциялық Le Figaro басылымының хабарлауынша, Ресей Украинадағы екінші ірі литий кен орнын — Шевченко кенішін өз бақылауына алған.

Донецк қаласына жақын орналасқан бұл кен орны Украинадағы ең перспективалысы саналады. 1982 жылы ашылған Шевченко кен орны шамамен 40 гектар аумақты алып жатыр. Украина Ұлттық ғылым академиясының деректеріне сәйкес, бұл жерде сподумен деп аталатын жоғары минералданған литий рудасы бар. Бұл руда түрінен металл алу әлдеқайда жеңіл әрі арзан, себебі ол көп таралған лепидолитке қарағанда тиімді.

Ғалымдардың мәліметінше, кеніш құрамындағы сподумен үлесі – 90%-ға жетеді.

Сонымен қатар Шевченко аумағынан сирек кездесетін металдар — тантал, ниобий, бериллий, цезий және рубидий де табылған. Бұл фактор кен орнын стратегиялық маңызы бар ресурс ретінде көрсетеді. Себебі әлемде аккумуляторлар мен электроника өндірісіне қажетті шикізатқа сұраныс артып келеді. Украина ҰҒА ғалымдарының бағалауы бойынша, елдегі жалпы литий қоры 500 мың тоннаға жетеді — бұл қазіргі таңда Еуропадағы ең ірі өндіруші Португалиядан да көп.

Алайда Украинада белгілі төрт кен орнының бірде-бірі қазіргі уақытта игерілмеген. Екеуі – «Полоховское» және «Добра» — Кировоград облысында орналасқан. Ал Шевченко мен Запорожьедегі Крутая Балка кен орындары Ресейдің бақылауына өткен.

РФ Қорғаныс министрлігі 26 маусымда ДХР аумағындағы Новосергеевка мен Шевченко елді-мекендерін бақылауға алғанын мәлімдеді.

Бұған дейін 30 сәуірде Киев пен Вашингтон стратегиялық пайдалы қазбалар бойынша келісімге қол қойып, соның аясында Украина экономикасын қалпына келтіру үшін АҚШ-пен бірлескен инвестициялық қор құру жоспарланған. Сол келісім аясында, 16 маусымда Украина орталық аймақтағы «Добра» кен орнына жеке инвесторларды тартуға алғашқы қадам жасағанын хабарлады.

 

Литийге деген жоғары сұраныс бұл электр көлігінің, ең алдымен Қытайда қарқынды дамуына байланысты әлемдік тренд. Сұраныс ұсынысты қанағаттандыра алмай жатыр. Нәтижесінде, 2022 жылы литий бағасының күрт артты. 2022 жылғы қараша айының ортасында литийдің бағасы тоннасына 84500 долларды құрайтындай тарихи шарықтау шегіне жетті.