Бизнесті дамытуда ғылыми тұжырымдама болуы керек

Бүгінде отандық бизнесті жетілдіру, ел экономикасын инновацияға бейімдеу, кәсіптің көзін табу жайы жиі айтылады.
Осыған орай бірнеше бағдарламалар да қабылданды. Үкімет жаңа кәсіпкерлік бағыттағы жобаларды қолданысқа енгізіп жатыр. Жалпы осы ретте отандық бизнесті жетілдіруге қатысты қандай сауатты жобалар жасау керек?! Кәсіпкерлікті дамытуға арналған бағыттарымыз дұрыс па?! Осы жөнінде Стратегия және бизнесті дамыту орталығының маманы, сарапшы Алмас Сәлменовпен пікірлестік.
– Алмас мырза, бүгінде отандық кәсіпкерлікті дамытуға арналған жобаларға көңіліңіз тола ма?!
– Бізде кәсіпті дамытуға бағытталған бірнеше жобалар болды. Мысалы, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бар еді. Бұл бағдарлама аясында кәсіпкерлер несие бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау, несиені ішінара кепілдендіру, бизнес жүргізуді оқу тәрізді жеңілдіктерге ие болды. Жалпы алғанда«Қазақстан-2030» стратегиясы және «Қазақстан -2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты бағыттардың барлығы елдегі бизнес ахуалды жақсартуға арналған. Бұрын қабылданған бірнеше салалық бағдарламаларды біріктіруге бағытталған. Бағдарлама мақсаты – өңірлік кәсіпкерліктің теңгерімді өсімін, тұрақтылығын қамтамасыз ету және жаңа тұрақты жұмыс орындары мен қазіргі жұмыс орындарын сақтау, қолдау. Дегенмен осы бағдарламалардың барлығы сәтті жүзеге асуы үшін бақылау керек. Үкімет және үкімет мүшелері бағдарламалардың орындалуын қадағалауы тиіс. Өкінішке қарай, бізде отандық кәсіпкерлікті дамытуға бөлінген қаражатты жымқырған фактілер де кездесті. Бұл ретте әсіресе моноқалаларды дамыту жөніндегі бағыттардың орындалуы кемшін болды. Моноқалаларды дамыту, ондағы отандық кәсіпкерлікті жетілдіру өте маңызды. Дамымай қалған ауылдар мен қалалар жетіліп жатса бұл экономиканы алға сүйрейді. Обалы не керек, үкімет тарапынан көп жұмыстар атқарылды. Осының нәтижесінде соңғы 20 жылда Қазақстандағы 27 моноқаланың 7-еуі моноқалалар тізімінен шығарылып, дамып келе жатқан аймақтардың қатарына жатқызылды. Дегенмен бұл бесжылдық көрсеткіш үшін аз. Енді қалған 20 моноқаланы дамыту үшін үкімет жаңа бағытты ұстануға шешім қабылдады. Бұл қалаларды дамыту үшін онда отандық кәсіпкерліктің өркендеуіне жағдай жасап, әкімдіктер жас мамандардың жұмыс істеуіне мүмкіндік беру қажет. Қалаларда өндіріс орындары ашылып, халықты жұмыспен қамту мәселесі жан-жақты шешілуі тиіс. Енді үкімет 2029 жылға дейін осы мәселелерді шешуі керек. Менің бір ойым, кәсіпкерлікті дамыту жобаларын құрғанда алдымен осы моноқалаларды дамытуға басымдық беру керек деп ойлаймын. Ондағы жас мамандардың біліктілігін арттыруға, ол қалаларда өндіріс орындарын жетілдіруге, бизнесті дамыту орталықтарын ашуға мән беру қажет. Отандық инвесторлардың дамымай қалған аймақтарға баруына жағдай жасалғаны жөн. Ондай дамымай қалған аймақтарға инвестиция салатын кәсіпкерлерге, инвесторларға белгілі бір бонустар берілгені абзал.
– Мысалы, ол қандай бонустар?
– Мәселен, дамымай қалған ауылдарға тұрғын үй құрылысын салуды ұсынар едім. Қандай да біринвестор моноқалалардағы тозған үйлердің орнын толтыру үшін жаңа үйлер салуға ұсыныс білдірсе, оларға жерді тегін беру, салықтан босату тәрізді жеңілдіктерді ұсынуға болады. Сосын ол үйлерді халық сатып алу үшін «Отбасы банктің» қызметін сол аймақтарға апарса болар еді. Сонда баспаналары ескіріп, тозған, десе де, ол жерден көше алмай отырған не жөндеу жұмысын жүргізе алмай отырған елдің қолы жаңа баспанаға жетер еді. Бұл, бір жағынан, халықты жұмыспен қамтуға да мүмкіндік беретін қадам. Тұрғын үй салуға сол жердің жергілікті азаматтары да тартылса, оларға жалақы төленсе, инвесторға осы үшін де мемлекеттік қолдаулар көрсетілсе қандай жақсы.Бұдан кейін әр аймақтың ерекшелігіне қарай дамытуды ойластырсақ жөн болар еді. Мысалы,Абай, Ақсай, Ақсу, Алтай, Балқаш, Жаңаөзен, Жітіқара, Екібастұз, Лисаковск, Қаражал, Кентау, Құлсары, Курчатов, Риддер, Рудный, Сәтбаев, Степногорск, Теміртау, Хромтау, Шахтинск қалалары делік. Осы қалалардың экономикалық ерекшелігін еске алып, не нәрсені, қандай кәсіпті дамытуға болатынын әбден зерттеу керек. Отандық бизнесті дамытуда әкімдердің ұсыныстары ескерілуі қажет. Әкімдер үкіметке қызықты механизмдердің жолын айтуы тиіс.Әкімдер белсенді болғанда жергілікті жерде бизнес дамиды. Инвестор тарту, өз аймағын дамытуға күш салу олардың білімі мен қайратына байланысты.
– Отандық бизнес даму үшін мемлекет+бизнес+ғылым формуласын ұстану керек дейтіндер бар. Келісесіз бе?
– Әрине, келісемін. Кез келген бизнес өркендеуі үшін оның ғылыми негізі болуы керек. Ғылым мен бизнестің, өндірістің арасы жақындамай,тыңғылықты түрде бизнес дами қоймайды. Әр бастаған бастама толық зерттеліп, сарапталып, әбден зерделенгенде ғана оң нәтиже береді.Сондықтан бизнесті дамытуда ғылыми тұжырымдама болуы керек. Ғылым+бизнес+өндіріс формуласы қосылғанда әрбір істің нәтижесін көруге болады.
Әнуар ҚАЙЫРБЕК