Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:40, 04 Маусым 2025

Оңтүстік Кореядағы президент сайлауында Ли Чжэ Мён жеңіске жетті

Оңтүстік Корея
Фото: ашық дереккөз

Оппозициялық Демократиялық партияның атынан үміткер болған Ли Чжэ Мён 49%-дан астам дауыс жинады.

Оның басты қарсыласы, билеуші партияның кандидаты Ким Мун Су жеңілгенін мойындап, қарсыласын құттықтап та үлгерді.

61 жастағы Ли Чжэ Мён бес жыл мерзімге сайланады. Бұған дейін ол 2022 жылы өткен президент сайлауында да үміткер болған.

Жаңа басшы сыртқы саясатта АҚШ және Жапониямен арадағы ынтымақтастықты жалғастыруға ниетті. Бұдан басқа, Солтүстік Кореямен байланыс арналарын қалпына келтіру мақсаты да тұр.

Сайлауға қатысу 79 пайыздан асты, бұл 1997 жылдан бергі ең жоғары деңгейге жетті.

Сайланған президент сөз сөйледі.

Сіздер маған сеніп тапсырған бірінші миссия – азаматтық соғысты тоқтату, - деді Ли Чжэ Мён.

Шетелдік БАҚ-тың жазуынша, Ли Чжэ Мён бірнеше қылмыстық істер бойынша айыпталып отыр. Оның ішінде сайлау заңнамасын бұзу, сыбайлас жемқорлық және лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалану сынды күдік келтірілген істер бар. Алайда Ли бұл айыптаулардың саяси астары бар екенін айтып, өзін кінәсіз деп есептейді.

Ол сайлауалды науқан кезінде әлеуметтік теңсіздікті азайту, тұрғын үй нарығын реттеу және жастарға арналған жұмыс орындарын көбейтуге уәде берген болатын. Сарапшылардың айтуынша, енді Ли Чжэ Мён ел ішіндегі реформаларды іске асырумен қатар, Солтүстік Кореямен қарым-қатынасты жақсарту үшін нақты қадамдарға баруы мүмкін.

Ал әзірге, жаңа президентке ел ішіндегі сенім дағдарысы мен сыртқы қысымдарға төтеп беру міндеті тұр.

Yonhap агенттігінің хабарлауынша, сайланған президенттің өкілеттігі 4 маусымда Сеул уақыты бойынша сағат 7:00-ден 9:00-ге дейін (Астана уақыты бойынша 3:00-ден 5:00-ге дейін) өтетін Орталық сайлау комиссиясының жалпы отырысынан кейін бірден басталады.

Ли Чжэ Мён Ұлттық ассамблеяда ант береді. Үкімет өтпелі комиссиясыз жасақталғандықтан, ант қабылдау рәсімі бұрынғыдай қысқа, шақырылғандар көп болмай өтеді.

Жаңа сайланған президент қызметіне кіріскен соң Ұлттық жиналыс спикерімен, билеуші ​​​​және оппозициялық партиялардың жетекшілерімен де келіссөздер жүргізеді деп күтілуде.