Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 12:45

Астанада балалар ұйықтап жатқан кезде үйді бұза бастаған: әкімдік не дейді?

Астана
Фото: БАҚ

Астанада бір отбасы мен құрылыс компаниясының арасында дау туындады.

Экскаваторлар жекеменшік үйді бұза бастаған сәтте ішінде кәмелетке толмаған балалар ұйықтап жатқан. Бұл кезде ата-аналары үйде болмаған.

Үй иесі Гүлмира Тлеубаева жұмысшылардың бұзуды дәл балалар ұйықтап жатқан бөлмеден бастағанын айтты.

– Олар балаларымның жатын бөлмесінен бастады. Балалар шуылдан шошып оянған. Біз бұл туралы мүлде білмедік, өйткені үйде жоқ едік. Бұл қалыпты жағдай ма? - деп ашуланды әйел.

Үй
Фото: видеодан скриншот

Адвокат Жанібек Башановтың айтуынша, бұл уақытта үйді бұзу туралы түпкілікті сот шешімі болмаған. Қазір отбасы мен құрылыс компаниясы арасында сот процесі жүріп жатыр.

“Балаларым бейқам ұйықтап жатқан еді. Мені әдейі шақырып алып, дәл сол сәтте баспананың төбесін қопарып, қабырғаларын қирата бастады. Бір жағынан экскаватормен, бір жағынан погрузчикпен төбесін жұлып жатыр. Балаларым шошып оянды. Дәл олардың жатқан жерін қиратты. Бұлардың бәрі бір-бірімен ауыз жаласқан жемқорлар. Ана мен баланың зарын тыңдайтын, әділдік айтатын адам қалмаған ба?” - деп ашынады тұрғын.

Әкімдік істі уақытша тоқтатқанын және нысанның Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына (ГАСҚ) тексеруге жіберілгенін хабарлады. Жергілікті билік өз ұстанымын да жария етті. Ресми мәліметке сәйкес, бұл жер телімі бұған дейін саяжай мәртебесінде болып, кейін мемлекет меншігіне алынған.

Ескі жалдау шарты 2016 жылы аяқталған. Ал 2024 жылы Гүлмира Тлеубаева сенімхат негізінде жаңа жалдау келісіміне қол қойған. Алайда кадастр органдары бұл келісімді тіркемеген, себебі жер ТОО «BestStroy» компаниясына тұрғын үй кешені, бизнес-орталық және паркинг салу үшін беріліп қойған.

Кейін Архитектура басқармасы Тлеубаевамен жасалған жалдау шартын жарамсыз деп тану үшін сотқа жүгінген. Себебі мұрагерлік мәселеде бала да бар болғандықтан, іс кәмелетке толмағандар істері жөніндегі сотқа берілген. 2024 жылғы 7 қазанда сот отбасыны үйден шығару туралы шешім шығарған, апелляциялық шағым қанағаттандырылмаған. Шешім заңды күшіне енген.

Тегтер: