Талғардағы Шерзат Болат ісі: Марқұмның әкесіне тергеу бастала ма?

Шерзат Болаттың қазасына байланысты қозғалған іс төңірегінде қоғамда жаңа сұрақтар туындап отыр.
Соның бірі – марқұмның әкесі Қаржаубай Нұрымовқа қатысты тергеу жүруі мүмкін бе?
Бұл мәселеге Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев Мәжіліс кулуарларында жауап берді.
- Мен тек күдіктілердің немесе басқа тұлғалардың туыстарының сөзіне сүйеніп пікір айта алмаймын. Қылмыстық іс қозғау үшін нақты құқықтық негіздер болуы керек. Ал мұндай шешімді тек қылмыстық қудалау органдары қабылдайды, - деп жауап берді Әсет Шындалиев.
Бас прокуратура өкілі Талдықорғанда өткен сот процесіне де тоқталды. Оның айтуынша, сот үкімі әлі заңды күшіне енбеген. Сондықтан тараптардың апелляциялық шағым түсіру құқығы сақталады.
- Барлық тараптарда апелляция беру құқығы бар. Бәрі заң аясында қарастырылады. Маған белгілісі – сот процесіне барлық азаматтар ашық түрде қатыса алды. Менің пікірімше, бұл – ашық, әділ және объективті өткен сот болды, - деді ол.
Шындалиевтің айтуынша, тыңдау барысында барлық дәлелдер, айғақтар мен куәгерлердің сөздері назарға алынып, сот әділеттілігі мен жариялылықты қамтамасыз етуге басымдық берілген.
Іс қалай өрбіген еді?
2024 жылдың қазан айында Талғар ауданында болған қанды оқиға 16 жастағы Шерзат Болаттың өмірін жалмаған еді. Куәгерлердің айтуынша, бірнеше жасөспірім оған топпен шабуыл жасап, ауыр соққыға жыққан. Жасөспірім алған жарақатынан кейін ауруханада қайтыс болды.
Бұл қайғылы жағдай елде үлкен қоғамдық резонанс тудырып, 2025 жылдың көктемінде іс сотқа жетті. 5 маусым күні Талдықорған қалалық соты 9 сотталушыға нақты түрме жазасын тағайындады.
Мемлекеттік айыптаушы Дана Сәрсенбай сотта сөйлеген сөзінде:
«Шерзат Болат тірі болуға лайық еді. Бұл тек бір баланың тағдыры емес, бүкіл қоғамды алаңдатқан іс», - деген болатын.
Сотталушылардың бірі – Абзал Шынасыл – басты күдікті ретінде танылды. Адвокат Жұмат Әбеновтың айтуынша, Абзал шындықты айтқанымен, бір сәттік сенгіштік пен эмоцияға беріліп, кінәні өз мойнына алған.
9 маусым күні жәбірленуші тараптың адвокаты Мейірман Шекеев шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы сұраққа жауап беріп, жәбірленушілердің құқығын қорғауға басымдық берілетінін айтты. Шекеевтің айтуынша, сотталушылар азаматтық шығынды өтемей, түрмеден ерте шыға алмайды.