Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 13:10

РФ Қорғаныс министрлігі Қырымға жасалған жаппай дрон шабуылы туралы хабарлады

Путин мен Зеленский
Фото: svoboda.org

Ресейдің Қорғаныс министрлігі 24 сәуірге қараған түні әуеден жасалған жаппай шабуыл кезінде барлығы 87 ұшқышсыз ұшу аппараты (БПЛА) жойылғанын мәлімдеді. 

Telegram-дағы ресми хабарламада айтылғандай, олардың 45-і Ресей аннексиялаған Қырым аумағында атып түсірілген.

Қалған дрондардың 10-ы Белгород, тағы 10-ы Курск облыстарының үстінде жойылған. Воронеж облысында 8 БПЛА жойылса, Брянск, Липецк және Нижегород облыстарының әрқайсысында 4 дроннан атып түсірілген. Мәскеу облысында 2 ұшқышсыз ұшу аппараты жойылғаны хабарланды.

Белгород облысының губернаторы Вячеслав Гладков 24 сәуір таңында Telegram парақшасында дрон шабуылы салдарынан екі бейбіт тұрғын қаза тапқанын айтты.

«Алты адам жарақат алды — олардың бірі ауыр жағдайда. Барлық қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Қажет болған жағдайда Мәскеудегі федералдық медициналық орталықтарға жібереміз», – деді ол.

Воронеж облысының губернаторы Александр Гусев алдын ала мәлімет бойынша, зардап шеккендер мен қиратулар тіркелмегенін хабарлады. Брянск пен Нижегород облыстарының басшылары Александр Богомаз және Глеб Никитин де Telegram-да осындай ақпарат таратты.

Мәскеу және Курск облыстарының губернаторлары — Андрей Воробьев пен Александр Хинштейн, сондай-ақ Мәскеу тағайындаған Қырымның "басшысы" Сергей Аксёнов бұл шабуылдардың салдары туралы әзірге түсініктеме берген жоқ. Аксёнов кеше Telegram-да Қырымның "курорттық маусымға белсенді дайындалып жатқанын" ғана хабарлаған.

Тегтер: