Таунхаус иесі депутат Бақытжан Базарбектің көзінше өзін өртемек болды

Алматы қаласының Бостандық ауданындағы Ерменсай ықшамауданында екі заңсыз салынған таунхаусты бұзу кезінде төтенше жағдай тіркелді.
Жер иесі сот шешімімен бұзылуы тиіс нысандардың жойылуына қарсы шығып, сот орындаушыға күш көрсетіп, өзін өртемек болды.
Оқиға орнында Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек те болған. Ол тұрғынды сабырға шақырып, құрылыс заңсыз жүргізілгенін түсіндіруге тырысты. Депутаттың мәліметінше, бұл жер шаруа қожалығын жүргізуге арналған, алайда азамат екі үшқабатты көппәтерлі үй салып алған. Сот шешімімен бұл нысандар бұзылуы тиіс деп танылған.
Сот шешімі орындала бастаған кезде, жер иесі сот орындаушыға дене жарақатын салып, жанармай құйып, өзін өртемек болған. Бұл сәттердің барлығы депутат жариялаған видеода анық көрінеді: ер адам айқайлап, қолын сермеп, техниканың бұзуды жалғастыруына кедергі келтірмек болады.
Бақытжан Базарбектің айтуынша, Алматыда және қала маңында заңсыз салынған тұрғын үй нысандарымен күрес жалғасады.
“Біз бау-бақшаға арналған жерлерді заңсыз тұрғын үй кешендеріне айналдыруға жол бермейміз. Құрылыс тек заң аясында жүргізілуі керек”, - деді депутат.
Рұқсат құжаттарынсыз және жердің нысаналы мақсатын бұзып құрылыс жүргізу – заңбұзушылық, ол үшін әкімшілік және сот жауапкершілігі қарастырылған.