АҚШ-тың әскери кемесі Таяу Шығысқа қарай бағыт алды

АҚШ-тың USS Nimitz әуе тасушы әскери кемесі Таяу Шығысқа бет алды.
Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады. Кемелер қозғалысын бақылайтын дереккөздер де бұл ақпаратты растады. Алғашында Nimitz 20 маусым күні Вьетнамның Дананг портына келуі тиіс болатын. Алайда қазіргі геосаяси жағдайға байланысты, бұл жоспар өзгертіліп, кеме енді бағытты Таяу Шығысқа бұрды.
Кеменің бағыты Иран мен Израиль арасындағы шиеленістің ушығуына байланысты өзгергені айтылуда. Бұған дейін, өткен аптада, USS Nimitz Оңтүстік Қытай теңізінде жоспарлы операцияларға қатысқан болатын. Алайда қазіргі жағдай АҚШ-ты өзінің әскери күшін Таяу Шығыс аймағында күшейтуге итермелеп отыр.
USS Nimitz – әлемдегі ең ірі әскери кемелердің бірі. Ол ядролық қозғалтқышпен жұмыс істейді және жүздеген теңізші мен ондаған әскери ұшақтарды, сондай-ақ зымырандық қару-жарақты тасымалдай алады. Мұндай кемелер теңіздегі ұтқыр әскери база ретінде қызмет атқарады және қажет болған жағдайда әскери қақтығыстарға жедел араласа алады.
АҚШ-тың бұл әрекеті Израильге қолдау білдіру және Иранға қысым жасау мақсатында жасалуы мүмкін. Сонымен қатар бұл қадам аймақтағы өзге ойыншыларға Вашингтонның геосаяси мүдделері мен әскери ықпалының әлі де күшті екенін көрсетеді.
Қазіргі таңда Таяу Шығыстағы жағдай ушығып тұр: Израиль мен Иран арасындағы қарым-қатынас шиеленісіп, екі тарап та әскери әрекеттерге дайын екенін білдіруде. АҚШ әскери кемесінің аймаққа келуі бұл текетіресті одан әрі күрделендіруі мүмкін.
АҚШ әуе күштері жанармай құятын 32 ұшағын Еуропаға аттандырды.

Милитари Уоч Мэгэзин (Military Watch Magazine) басылымының дерегі бойынша Германия, Испания, Италия және Ұлыбритания аумағына аздап аялдаған әуе көліктерінің біразы артынша Таяу Шығысқа бет алған. Жалпы Американың жойғыш ұшақтары алыс қашықтыққа ұша алмайды. Оларға қосымша жанармай құю қажет. Жанармай құюшы ұшақтардың суыт аттанғаны жайында биліктің өзі тіс жарған жоқ. Айта кетейік, Дональд Трамп Иранға қарсы шабуылға қатысым жоқ дегенімен Израильді қорғап отыр.