Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
21:10, 27 Қараша 2023

"Ана үйінің" мақсаты - мәселелердің алдын алу

ана үйі
Фото: из открытых источников

«Ана үйі» қоғамдық қоры 2013 жылдан бері өз сәбиінен бас тартудың алдын алып, жетімдікті азайту мақсатында құрылған «Ана үйі» әлеуметтік жобасын сәтті орындап келеді.

Мұнда жас аналарға, жалғызбасты қыз-келіншектерге баспана мен материалдық көмек, құқықтық, психологиялық қолдау көрсетіледі. Әрі нәрсетелердің де аман-сау өсіп-жетілуі үшін барлық жағдай жасалған. Осы орталықтың жұмысымен, қызмет барысымен танысу үшін Алматы қаласындағы «Ана үйі»филиалына барып, үйлестірушісі Аминат Джаппуева ханыммен тілдескен едік. Кіре бергенде, жарық та жылы үйден шуақ пен қамқорлықтың лебі еседі. Орталықтан көмек алған әрбір келіншекке қызындай, әрбір сәбиге немересіндей қарайтын Аминат ханым осы шаңырақтың берекесіндей көрінді. Әңгіме барысында да бұған көзіміз анық жетті. Ары қарайғы сөзді филиал үйлестірушісінің өз аузынан беруді жөн көрдік.

Дәл қазір үйімізде 9 келіншек, 11 бала бар. Қыздардың ең кішісі 18 жаста, ең үлкені 41-де. Жеке жағдайларына байланысты бұл келіншекті де далаға тастамай, қолдан келген көмекті жасап отырмыз. Ал балаларымыздың бәрі кішкентай. Аналар үйі алғаш ашылғанда келетіндер көп болды. Сыймай жатқан жағдайлар тіркелмесе де соған жетеғабыл оқиғалар тіркелген. Ал қазір жағдай тұрақталды. Ең көбі 15 қыз жатады. Жалпыорта есеппен 8-10 қыз жүреді. Негізі стандарт бойынша мұнда алты айға дейін тұруға болады. Бірақ, өмірде әртүрлі жағдай болып жатады ғой. Неше түрлі тағдыр бар. Біреулер бір-екі айда ақ аналар үйінен кетіп, өз үйіне оралып жатса, енді біреулер біраз уақытқа дейін өзін, өз жолын таппай қиналуы мүмкін. Сондықтан әр жағдайға әртүрлі көзқараспен қарауға, ситуацияны түсінуге тырысамыз. Оның үстіне өзінің немесе баласының мүгедектігі барларға да ұзақмерзімді көмек, осында тұру жағдайы қарастырылған.

Ашығын айту керек, келіп жатқандардың көбі туған-туысы жоқ жетім қыз балалар. Ал туысы барлар солардың сөзінен, реакциясынан қорқып жатады. Солайша осы аналар үйін паналайды. Бәрімізге белгілі, қазақ стереотипінде өсек-аян, әңгімеге қалудан қорқу деген нәрсе бұрыннан бар нәрсе. Бірақ, болар нәрсе болған соң жас қызды далаға тастамай, ананы баласынан, баланы анасынан айырмай, керісінше қолдау көрсетіп, психологиялық дағдарыстан шығарып алған дұрыс қой... Әрине, ауызбен айту оңай, бірақ отбасы мүшелеріне мұндай жағдайды қабылдау қиындау тиіп жататыны жасырын емес. Сонда да тағдырларды ойрандамауға, бітімге келуге тырысқан орынды.

Бізде психолог, дәрігер және көлік жүргізушісі қызмет етеді. Мен өзім осы Алматы қаласындағы филиалда «Ана үйі» ашылған 2013 жылдан бері үйлестірушімін. 10 жылда республика бойынша 6600 қыз-келіншекке пана болып, көмек көрсеттік. Ал жұмыс басталған 2014 жылдан бері осы шаңырақтан талай қызым, талай балам шықты. Негізгі мамандығым педагог. Он жылдай балалар үйінде жұмыс істедім.

Негізі бұл идея Айдын Рахимбаев есімді кәсіпкер мен оның жұбайының бастамасы. Өйткені бір кездері жетімдер үйі, балалар үйі мен ондағы тәрбиеленушілер көбейіп кетті. Ал бұл қоғамдық дерт. Шын мәнінде ата-анасыз қалған балаға пана болу салдармен күрес болып табылады. Ал аналар үйін ашу болса, себеппен күрес. Бұл бір жағынан алып қарағанда үлкен өзгеріс деуге де келеді. Аналардың туған сәбиінен бас тартуын азайтып, жетімдіктің алдын алу сыпаттас шара өз нәтижесін беріп жатыр. Себебі жап-жас қыздар тоғыз ай жүктілік пен ауыр толғақтан соң онсыз да психологиялық тұрақсыздыққа, ішкі қайшылықтарға тап болып жатады. Олар эмоцияға беріліп, уайым мен қорқыныш құшағында тұрғанды тыныш өмір үшін, елдің сөзінен қашу үшін немесе ата-анасының абыройы үшін баласын тастап кетіп жатады. Сол сәтте оларға қолдау көрсетіп, баспана мен тамағын, психологиялық көмек пен жылу беретін осы біздің қор.

Қорымыз барлық дерлік ауруханалармен, поликлиникалармен тығыз байланыста. Егер ана баласынан бас тартып жатса, аурухана қызметкерлері немесе дәрігерлер бірден бізге хабарласып, мән-жайды айтады. Хабар ала салып айтылған орынға жетіп барамыз. Екі қолымды өкпеме алып отырып, алдымен қыздың өзімен сөйлесемін. Аналар үйі туралы айтып, таныстырамын, баланы тастамауға, жақсы өмір сүруге болатынын, аяққа тұруына қолдан келгенше көмектесетінімізді, қаншама өзі секілді-қыз келіншектердің баласымен бірге тұрып жатқанынан хабардар етемін. Бұлай шыр-пыр болатын себебіміз бала анасыз қалмаса дейміз. Жас қыздар жастықпен баласынан айырылмаса дейміз. Өйткені мұндайшешімдер өмір бойы өкініштен өртеніп, ішқұса болуға әкелетінін білеміз. Құрсағынан шыққан баласын тастап кету кімге тде болсын ауыр. Нәтижесінже, біз барып тілдескен аналардың 90 пайызға жуығы баладан бас тартамын деген шешіміненайнып, бізбен бірге аналар үйіне келеді. Соның 70 пайызы кейіннен өз үйіне, ата-анасына оралады. Талай оқиғаны көзбен көрдік қой. Ата-аналар басында ренжиді. Қызына кінә артып, көрместей болып жатады. Бірақ артынан кешіріп, қабылдап, өздері келіп алып кетеді. Ол ол ма, немерелерін құшып, сүйіп, жетектеп, «балам-баламдап» ертіп алады.

Көмекке жүгінетіндердің көбі жас қыздар екенін айтып өттім. Ол жастар қашанғы жалғыз отырады. Жұмыс істеп жүріп, оқып жүріп жақсы жігіттер болса танысыңдар деп әзіл-шыны аралас ақылымды айтып отырамын. Әлбетте, өз адамын кездестіріп, сезімі ұшқындаған қыздар да табылады. Оларға бірден таңдауыңды әкел, алдымыздан өтсін, таныстыр деп айтамын. Сөйтіп, көріп, танысып, білісіп, барлық жағдайды бас-аяғы айтып барып өзіне ашық сұрақ қоямын. «Қызымызды бақытты ете аласың ба, баламызға қарайсың ба?» деймін. Осылайша тұрмыс құрып, үйлі-баранды болып кетіп жатқандарда баршылық.Міне, осы өткен айда ғана екі қызымыз қатарынан тұрмысқа шықты.

Одан бөлек, осында тұрып жатқан қыздардың өз келісімімен, немесе өз сұранысымен баланың әкесін іздеп тауып сотқа да береміз. Алдымен баланың әкесі екенін анықтап, артынша алимент төлеуін талап етеміз. Сенесіз бе? Өз балалары үшін, өз ұрпағы үшін ойланбайтын да азаматтарымыз бар екен. Өкінішті. Бірақ шындығы сол, қашып-пысып, әйтеуір бір құйтырқы қылықтарға барып жүрген аяқ-қолы балғадай, көрсе көз қызығар талай жігітті көріп, жағамды ұстадым.

Қарап отырсам, бұрын 2014-2015 жылдары келіншектер баласының әкесіне қосылуға бейіл тұратын, ымыраға келуге тырысып бағатын. Ал қазіргі жас қыздар, әсіресе, 2000 жылдардан кейін дүниеге келгендер «баламды өзім асырап, өзім жеткіземін» дегенді көп айтады. Басын салбыратыпөзін баласымен қосып тастап кеткен жігітке қайта барғысы келмейді. Бұл бір жағынан дұрыс шығар. Бір жағынан бала өзінің әкесін бәрібір сұрайды, нәзік жанды жаратылысқа бәрібір де арқа сүйер азамат керек екенін естен шығармауымыз керек. Мүмкін болса қосылып, толық отбасыда бала тәрбиелеген дұрыс. Бірақ, әй-шай жоқ, қосыл да қосыл деп айтып, мәжбүрлеуге ешкімнің де құқығы жоқ. Себебі, әйел заты алдымен өз бақытын ойлауы керек. Егер арада сезім, көңілде жылулық болмаса, сыйластық жоқ болса, жалғыз ғана тыныш өмір сүру де дұрыс таңдау шығар. Мұны әркім өзі шешеді. Психологпен, ата-анасымен, құрбыларымен, менімен кеңесер, бар ақылымызды айтармыз, жанашырлығымызды көрсетерміз. Бірақ соңғы шешім әр адамның өзінде.

Қаржылық қолдауға келсек, біздің қордың меценаттар базасы қалыптасқан. Әрі жылдан жылға қатары молайып, артып келеді. Қазір республика бойынша 18 аналар үйі болса әрбірін қолдайтын мецентатар бар. Ол қаржының есебінен үйдің жалдау ақысын, қыз-келіншектер мен балалардың ас-суы мен тамағын, қызметкерлердің жалақысын, комуналдық қызметтер мен басқа да қажетті заттарға кететін шығындарды толық өтеп отырмыз. Ал мемлекет тарапынан кешенді көмек жоқ, қолдау аса көп емес. Қыздарымыз өздері кезек-кезекпен тамақ істейді, кесте бойынша тазалық жұмыстарын жүргізеді. Ал мәзірді медбикеміз бектіп отырады. Психолог болса күніне 2 сағат уақытты қыздарға арнайды. Жеке әңгімелесулер жиі болып тұрады. Оған қоса тренингтер, ойындар мен сол секілді әртүрлі шаралар тұрақты түрде өткізіледі.

Тағы бір айта кетерлік жайт, жұмыспен қамту жағына, жаңа дағдыларды үйретуге де барымызды саламыз. Өйткені олар күндердің бір күнінде өзін-өзі асырай алатын деңгейге жету керек. Осы мақсатта сын қырлы курстар оқытып, әртүрлі дүниелерді үйретудеміз. Әсіресе, өзіміздің үйдегі тігін цехы өте тиімді және ыңғайлы жоба болды. Бұл былай, карантин кезінде біз ақырындап маска тіге бастадық. Алыс-жақын дәріханалардан басталған саудамыз ақыры соңы қалаларға ұласты. Содан бері қыздарға жаппай тігінді үйретіп, цехты жабдықтап, тапсырыстар алып отырмыз. Ал келген табыс ешқайда жұмсалмайды. Оны қыздардың өзі айлық есебінде алып, жинайды. Алғашында үйренгісі келмегендер, немесе қиналғандар бірінші еңбекақысын қолына алған соң өзі талпынып, өзі тырыса бастайды. Тіпті, кезінде Геннадий Головкиннің командасы тапсырыс беріп, маскалар, худилер мен эко-сөмкелер тіктік. Алғашқы ірі тапсырысымыз сол болды. Әрине, әуелде қорқып, қобалжығанымыз рас. Бірақ тапсырысты сәтті аяқтап, тапсырдық. Тұтынушылар да дән риза болды. Содан бері еш қорықпай тапсыры алуды бастадық. Қазіргі таңда ең көп түсетін тапсырыс худилар мен эко-сөмкелерге. Одан бөлек ұлттық нақыштағы ою-өрнекпен көмкерілген сыпыралар тігіп жатырмыз.

Мұндай қыз-келіншектеріміз кеткен соң да бізді іздеп тұрады. Көмек сұрап тұрады. Немесе өздері көмектесіп кетеді. Олардың бәрі де аяқтарына тұрып, өз қолдары өз аузына жетіп отыр. Солардың бірі Салтанат Бабаева. Бүгін ол тігінцехінің шаруаларымен жүр. Ол осыдан алты жыл бұрын аналар үйіне келіп, содан жарты жыл бұрын ғана өзі бөлек шықты. Бірақ жұмысы осында. Өзінің негізгі мамандығы тігін болғандықтан, ол цехтың жұмысымен айналысып, қыз-келіншектерді ісмерлікке баулып жүр. Ал қызы бес жарым жасқа келді. Жақында мектепке барады деп қуанып жүрміз. Осылай балаларымыз қсе берсе, өне берсе, қыздарымыз қз аяғына тұрса, біз өз мақсатымызға жеттік деп есептейміз.