Халықта несие төлейтін қаражат бар - Жұманғарин

Серік Жұманғарин Мәжіліс кулуарында несиеге қатысты пікірімен бөлісті.
«Тұтынушылық кредиттердің өсуі халықтың жағдайын көрсетіп жатыр. Себебі, ол (халықта) қаражат бар деген сөз. Біреуі ертең қалай төлеймін деп ойланбай несиелерді алуы мүмкін. Ол да бар. Сол себепті қаржы реттеушісі адамдарға несие алмас бұрын ойлану үшін бір тәулік уақыт береді. Рұқсат етілген жүктеме коэффициенті деген бар. Қазіргі уақытта оның мөлшері – 50 пайыз. Бұл сенің бүкіл қарызыңды алатын жалақымен салыстырады. Ол 50 пайыздан аспауы керек. Асқан жағдайда саған ешкім несие бермейді. Біздің ұсынысымыз – оны 35 пайызға дейін төмендету», - деді Серік Жұманғарин Мәжіліс кулуарында.
Сөзінше, несие алған адам оңды-солын бағамдаған адам болып есептеледі.
«Адам көп несие алатын болса, бұл оның оларды қайтаруға табысы жеткілікті дегенді білдіреді. Ал енді адамдардың дәрі-дәрмекті Kaspi Red арқылы алуына келсек, бұл туралы ойлану керек. Елімізде шамамен 12 млн адамға тегін медициналық көмек көрсетіледі. Соның ішінде дәрі-дәрмек те бар. Ендеше не үшін оларды бөліп төлеу арқылы алады? Дәрігерден рецепт алып, қажетті дәрілердің көбін тегін алуға болады. Бірақ бәлкім, бұл жерде әңгіме басқа дәрі-дәрмектер туралы шығар», - деді Ұлттық экономика министрі.
Сондай-ақ, Жұманғарин Астана қаржы орталығы салықтан жалтаратын қазақстандық компаниялар қалай әшкере болып жатқанын жасырмады.
"Біз оны қалай анықтаймыз? Жылдар бойы салық төлеп келе жатады да, төлемей қалады. Неге төлемейсіз десек, басқа алаңға тіркеліп алғанын айтады. Кеше әңгіме болып кеткен компания арнайы экономикалық аймақта тіркелген. Сол арқылы талай жеңілдік алған. Енді Астана қаржы орталығы арқылы қосымша жеңілдіктер алмақшы. Олай болмайды. Таңдау жасауың керек — не арнайы экономикалық аймақта бол, не Астана қаржы орталығында бол. Біз бұдан салық жоғалтамыз. Ол компанияға санкция қолданайық деп жатқан жоқпыз. Өйткені заңнамада осыған жол берілген. Біз заңдағы сол саңылауды бітеу туралы айтып жүрміз, - деп түсіндірді ол.
Ұлттық экономика министрі АХҚО-ға тіркелген компаниялар төлейтін дивиденттер салықтан босатылғанын еске салды.
Министрдің кешегі сөзінше, салық төлеуден жалтарғысы келетін компаниялар осы Астана халықаралық қаржы орталығына тіркелуді әдетке айналдырған. Министр нақты мысал келтіріп, осындай бір компанияның әрекетінен бюджет 200 миллиард теңгеден астам корпоративтік табыс салығы мен қосылған құн салығын жоғалтқанын мәлімдеді. Алайда журналистер күмән тудырған компанияның атауын сұрағанда, вице-премьер жауап беруден бас тартып, бұл сұрақты айналып өтті.
Кейін қаржы саласының маманы Айбар Олжаев бұл оқиғаның астарын әлеуметтік желіде тарқатып, бес жылға жалғасқан салықтан жалтару схемасының егжей-тегжейін жария етті.
"Айдын Рахымбаев – бүкіл Қазақстанның салық жүйесінің қайта қаралып, өзгеруіне себепші болған кәсіпкер. Баяғыда Үсенов деген мажор бес адамды қағып өлтіріп, отбасыларымен келісіп, бостандыққа шығып кеткен. Содан кейін біздегі Қылмыстық кодекске апаттан адам өлсе, туыстары кешірсе де кінәлі жазадан құтыла алмайды деген түзету енгізген болатын. Ол "Үсенов түзетуі" деген атаумен тарихта қалды. BI Group бизнесті ИП-ларға бөліп, салықтан жалтара бергеннен кейін Қазақстан Үкіметі жаңа Салық кодексін жасап, қосымша құн салығын енгізіп, оның шегін 40 миллион теңгеге дейін қысқартты. Содан кейін BI Group сатып жүрген қымбат элиталық үйлерге де сән салтанат салығы енгізілетін болды. Біз Рахымбаев "дробление" арқылы ғана салықтан жалтарып жүрді, осымен оның қулығын тоқтата алдық деп ойлап жүрсек, ол Үкімет пен бюджетті он орап кеткен екен", - деп жазды Айбар Олжаев Facebook-тегі парақшасында.