Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 12:55

Air India ұшағының апат себебі анықталды

Үндістан
Фото: zhasalash.kz

310 адамның өмірін қиған жантүршігерлік апаттың себебі белгілі болды. 

Air India компаниясына тиесілі Boeing 787 Dreamliner ұшағының құлауына электр жүйесінің толық істен шығуы себеп болғаны жаңа бейнематериал арқылы дәлелденді. Ұшақ Лондонға бағыт алған, алайда әуеге көтерілген соң бірнеше минут ішінде биіктігін жоғалтып, Үндістандағы Ахмадабад қаласының тұрғын ауданына құлаған.

Апат салдарынан ұшақтағы 242 жолаушының 241-і қаза тапты, аман қалған – тек бір адам. Сонымен қатар тұрғын үйлерге соғылған кезде жерде болған тағы 38 адам көз жұмды. Бұл оқиға Үндістан авиация тарихындағы ең қанды апаттардың біріне айналды.

Жаңа сенсациялық бейнежазбада апат сәті жоғары сапада көрсетілген. Азаматтық авиация сарапшысы, 26 жылдық тәжірибесі бар ұшқыш Стив Шрайбер видеоға сүйене отырып, екі қозғалтқыштың да істен шыққанын растады. Оның айтуынша, бұл — ұшақтың толық бақылаудан шығып, апатқа ұшырауына басты себеп.

Бастапқыда Captain Steeeve лақап атымен танымал Шрайбер апатқа екінші ұшқыштың шассиді тым ерте жинап қоюы себеп болды деп болжаған. Алайда кейін табылған жаңа, сапалы видеожазба бұл болжамды теріске шығарды.

«Мен видеодан ұшақтың оң жақ қанатының астындағы кішкентай ғана бөлігі – Ram Air Turbine (RAT) жүйесінің іске қосылғанын байқадым», – дейді Шрайбер.

Бұл жүйе – ұшақ электр немесе гидравликалық қуаттан толық айырылған жағдайда автоматты түрде іске қосылатын апаттық турбина.

Ол RAT жүйесінің Boeing 787-де үш жағдайда қосылатынын атап өтті:

  • Электрмен жабдықтаудың толық істен шығуы;
  • Гидравликалық жүйенің ақауы;
  • Екі қозғалтқыштың бір уақытта тоқтап қалуы.

«Бұл турбина кішкентай винт сияқты көрінеді және ұшақтың қанатының артқы жағында орналасқан. Оның іске қосылуы – ұшақтың өте күрделі апаттық жағдайға тап болғанын білдіреді», - деді Шрайбер.

Ол YouTube арнасында жариялаған видеосында жаңа айғақтардың арқасында оқиғаның толық бейнесі ашылғанын айтып отыр. Сарапшы апатқа не себеп болғанын анық көрсету – болашақта осындай қайғылы оқиғалардың алдын алуға мүмкіндік береді дейді. Айта кетейік, бұл – тек техникалық ақау ғана емес, сонымен қатар авиациялық қауіпсіздік саласындағы елеулі ескерту. Жаңа видеоматериал мен сараптамалық тұжырымдар әуе саласының стандарттарын қайта қарауға себеп болуы мүмкін.

Тегтер: