Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:00, 22 Мамыр 2025

1 миллион теңге үшін – 9 жыл: Ақтөбеде әскери тергеушілер сотталды

Тергеу
Фото: ашық дереккөз

Ақтөбеде әскери тергеу басқармасының екі қызметкері пара талап еткені үшін сотталды.

Ақтөбе гарнизонының әскери соты ІІМ әскери тергеу басқармасының Батыс өңірлік басқармасы бастығы мен аға тергеушісіне қатысты үкім шығарды. Олар пара талап еткені үшін, тиісінше, тоғыз және сегіз жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлады әскери соттың баспасөз қызметі.

«Ақтөбе гарнизоны әскери сотында ҚР ІІМ әскери тергеу басқармасының Батыс өңірлік басқармасының бастығы «Д» мен аға тергеуші «С»-ға қатысты қылмыстық іс қаралды. Олар ҚР Қылмыстық кодексінің 366-бабы 3-бөлігі 1 және 2-тармақтарымен (Пара алу) айыпталды. Сот үкімімен «Д» 9 жылға, ал «С» 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Екеуі де өмір бойы мемлекеттік қызметте, соның ішінде құқық қорғау органдарында жұмыс істеу құқығынан айырылды», – делінген хабарламада.

Сот материалдарына сәйкес, аталған лауазымды тұлғалар 2024 жылдың желтоқсанында бір куәгерден 1 миллион теңге көлемінде пара талап еткен. Олар ер адамға жұмыстан шығарып жібереміз және басқа да салдарлар болады деп қоқан-лоққы көрсеткен. 24 желтоқсанда күдіктілер 700 мың теңге алып жатқан сәтінде қолға түсті.

Айыпталушылар кінәсін толық мойындамаған.

Сот үкімімен олар әскери шендерінен де айырылды.

Тегтер: