Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 15:10

Жемқорлардың туыстарына тиесілі мүлікті тәркілеу керек - Марат Башимов

Башимов
Фото: ашық дереккөз

Мәжіліс депутаты Марат Башимов Бас прокуратураға кеңейтілген конфискация тетігін қолдауға қатысты ұсыныс жолдады. 

Егер бұл бастама заң жүзінде қабылданса, енді жемқорлардың тек өз атына емес, әйелі, көңілдесі, балалары немесе басқа да туыстарының атына рәсімделген мүлкі де тәркіленетін болады.

Бұл дегеніміз, егер азамат табысының қайдан келгенін дәлелдей алмаса, мемлекет сол мүлікті тәркілей алады. Мүлік кімнің атына жазылғаны маңызды емес – бастысы, ол активтерді сол адамның шын мәнінде басқарып отырғаны және заңсыз жолмен алғаны дәлелденсе жеткілікті.

— Қазір мұндай норма болмағандықтан, көптеген жемқорлар мүлкін үшінші тұлғалардың атына рәсімдеп, жазадан оңай құтылып жүр. Сотталғанымен, негізгі активтері туыстарының немесе көңілдестерінің атына рәсімделгендіктен, оларды мемлекет тәркілей алмайды. Ертең сол мүлікті пайдаланып, өмірін жалғастыра береді, — деді депутат.

Башимовтың айтуынша, әлемнің көптеген елдерінде мұндай тәжірибе бұрыннан бар. Ақшаны жылыстатуға қарсы халықаралық ұйым — FATF Қазақстанға бұл норманы заңнамаға енгізуді әлдеқашан ұсынған. Алайда бұған дейін бұл өзгеріске жемқорлар мен олардың лобби жасаған өкілдері кедергі келтіріп келген.

— Қазіргі уақытта Мәжілісте ақшаны заңсыз жылыстатуға қарсы күрес туралы жаңа заң жобасы қаралып жатыр. Жобаға шамамен 100-ге жуық түзету енгізілген. Солардың қатарында кеңейтілген конфискация туралы норма да болуы тиіс, - дейді депутат.

Марат Башимов бұл шара тек табысының заңдылығын дәлелдей алмайтын адамдарға қатысты қолданылатынын атап өтті. Негізінен бұл талаптар мемлекеттік қызметкерлерге, саясаткерлерге және мемлекеттік кәсіпорындар басшыларына бағытталады.