«Қазақтардың өз мемлекеті де, жазуы да болмаған» - Ресей қазағы

Интернетте украиналық блогер мен Ресейде тұратын қазақ ұлтының қызы арасындағы чат-рулеткадағы әңгімеден үзінді жарияланды.
Украиналық блогер Андрей Попик Самарадан шыққан этникалық қазақ әйелмен болған әңгімесін жариялады. Видеода ол 20 минут бойы сұхбаттасына қазақтардың өз мемлекеті мен жазуы болғанын, Қазақ хандығы бірнеше ғасыр бұрын құрылғанын, дамыған қалалары мен бай мәдениеті бар екенін түсіндіруге тырысады.
Бірақ мұғалім болып жұмыс істейтін әйел райынан қайтпады.
– Қазақтардың өз алдына мемлекеті болмаған, өйткені біз — көшпенді халықпыз. Жазуы да, сызуы да жоқ еді. Егер Қазақ хандығы расымен болған болса, онда сол кезде орыстар қайда болды? Сіз орыстар жаулап алушы ретінде келді дейсіз бе? Мейлі, солай-ақ болсын. Бірақ орыстар – мықты ұлт. Қаншама уақыт ішінде қуатты, үлкен мемлекет құрды. Мен Ресейде тудым, осында өмір сүріп жатырмын — бұл менің отаным, - деп пікір білдірді әйел.
Бұл пікір әлеуметтік желілерде қызу талқыланып жатыр. Көпшілік әйелдің тарихи шындыққа сай келмейтін сөздеріне қарсы пікір білдіріп, қазақ халқының мемлекеті де, жазуы да болғанын нақты деректермен дәлелдеуде. Сарапшылар мұндай көзқарастар отарлық идеологияның әсерінен қалыптасқанын айтады. Қазақ тарихын бұрмалауға тырысқан мұндай мәлімдемелер ұлттық сана мен тарихи жадыны жаңғыртудың қажеттілігін тағы бір мәрте көрсетті.