Сарбаз Шахимов өлімі бойынша айыпталушы сотта соңғы сөзін айтты
Алмас Шахимов 2022 жылы 9 тамызда әскерге шақырылғаннан екі ай өткенде қаза тапқан. Бастапқыда оның өліміне құмды дауыл кезінде құлаған шатыр себеп болды деп хабарланған.
Алайда марқұмның туыстары күмәнданғандықтан, өліміне қатысты эксгумация жүргізген. Сарбаздың өліміне кінәлі деп взвод командирі Дәурен Байызбеков танылған.
«Алмас менің жүрегімде мәңгі қалады. Ол өте тәртіпті, елгезек сарбаз болатын. Дауыл болған оқиға күні барлық куәгер түсініктеме берді. Мені жауыз етіп көрсетудің қажеті жоқ. Иә, Алмас қайтыс болды, мен тірімін, айыбым сол ғана», - дейді Байызбеков.
Резонанс тудырған іс бойынша үкім желтоқсан айында шығарылады.
Айта кетейік, Алмас Шахимов 2022 жылдың көктемінде Көкшетаудан әскерге шақырылып, Алматыдағы Ұлттық ұлан сапында қызмет атқарған. Алайда екі айдан соң үйіне табытпен оралды.
Әскерилердің ресми нұсқасы бойынша, Шахимов 2022 жылдың 10 тамызында полигонда өткен далалық оқу-жаттығу кезінде қатты жел салдарынан құлаған шатыр темірінің астында қалып қаза тапқан.
Ресми хабарламада:
«Жел күшейіп, шатыр қалашығы бұзыла бастаған. Шахимов соңғы болып сыртқа шығып жатқан сәтте шатырдың темір бөлігі басына құлады», - делінген.
Алайда сот-медициналық сараптама қорытындысы бұл мәлімдемені жоққа шығарды:
жас жігіттің денесінде пышақ іздері, 26 түрлі жарақат, қылғындыру белгілері және темекіні күйдіріп басқан іздері табылған.
Анасы:
«Баламды үш жерден пышақтаған, арқасы күйіп қалған, мойыны сынған. Мұндай жарақатты үш минуттық дауылдан алу мүмкін емес. Бұл – ұзақ азапталғанның белгісі», - деп мәлімдеді.
Қазіргі таңда іс Қылмыстық кодекстің 453-бабы 2-тармағымен қаралып жатыр. Істе жалғыз күдікті – Алмастың тікелей командирі Дәурен Байызбеков.
Индира Туғанбаева:
«Олар баламды өлтіріп, бәрін дауылға жауып қоймақ болды. Ал кінәлі командирді бір жылға ғана соттағалы отыр. Оның өзі шартты жазаға айналуы мүмкін», - дейді.
Ата-анасы жеңіл жазаға келіспей, сотқа қатысудан бас тартқан.
Алмас Шахимовтың өліміне қатысты айтылған ең даулы мәліметтер – сарбаздардың өзара жазған хаттары мен әскерден кеткен офицерлердің сөзі.
Анасының айтуынша, бірнеше дереккөз Алмастың «түрмеге ережесіз жекпе-жекке» апарылғанын айтқан.