Польша мен Германия шекарасында тексеріс күшейді: мигранттар дағдарысы ушығып барады

Польша 7 шілдеден бастап Германиямен арадағы шекарада стационарлық шекаралық бақылау орнатты.
Бұл шара елге заңсыз мигранттардың “бақылаусыз ағынын шектеу” мақсатында қолға алынды. Бұл туралы Польша премьер-министрі Дональд Туск мәлімдеді.
Шекарадағы іріктелген тексерулер түн ортасында басталып, 52 бақылау-өткізу пунктінде жүргізіліп жатыр. Бұл шаралар кем дегенде 5 тамызға дейін жалғасады. Сонымен қатар ұқсас бақылау Литвамен арадағы шекарада да енгізіледі.
Польша шекарашылары бірінші кезекте автобустарды, шағын автобустарды, жолаушылар саны көп жеңіл көліктерді және терезелері қараңғыланған (тонировка) көліктерді тексереді. Шекарадан өтушілерден төлқұжаттары мен жеке куәліктері талап етіледі.
Премьер-министр Дональд Туск бұл шешімнің Германия тарапынан қабылданған шараларға жауап ретінде қабылданғанын атап өтті. Еске салсақ, Германияның жаңа ішкі істер министрі Александер Добриндт мамыр айының басында Польша шекарасында бақылауды күшейтіп, баспана сұраушыларға шектеу қою туралы бұйрық берген болатын. Ал оның алдындағы министр Нэнси Фезер 2023 жылдың қазан айында Польша шекарасында стационарлық бақылауды енгізген.
Германияда Польша енгізген жаңа шекаралық бақылауға қатысты алаңдаушылық күшейіп отыр. Елдің іскер топтары бұл шешімнің салдары ауыр болуы мүмкін екенін ескертті.
Германия Сауда-өнеркәсіп палаталары федералдық бірлестігінің (DIHK) бас директоры Хелена Мельников Handelsblatt басылымына берген сұхбатында:
«Германияда жұмыс істейтін поляк азаматтарының жұмысқа келуі мен қайтуы қиындайды. Бұл – шекара маңындағы аймақтардағы зауыттардан бастап, супермаркеттер мен қоғамдық тамақтану орындарына дейінгі мекемелерден кадрлардың жаппай кету қаупін тудырады», - деп мәлімдеді.
Ол көршілес елдер арасында «прагматикалық келісімдер» жасасуға шақырды.
Бұл пікірді Германияның көтерме және сыртқы сауда федералдық бірлестігінің (BGA) президенті Дирк Яндура да қолдайды:
«Оқшаулау – мәселені шешпейді, керісінше жаңа қиындықтар тудырады: бұл жеткізу тізбегіне, жұмысшыларға және Еуропаның экономикалық тұтастығына әсер етеді. Еуропа қайтадан жамаулы көрпе секілді бөлшектенген аймаққа айналмауы керек», - деді ол.
Германия полиция қызметкерлері кәсіподағының (GdP) өкілі Андреас Роскопф бұл жағдайды “пинг-понг ойынына” теңеді.
«Біз Польшадан қайтарғымыз келетін баспана іздеушілер мен босқындар ол жақта қабылданбайды немесе біраз уақыттан кейін қайтадан бізге жіберіледі», - деді ол Rheinische Post газетіне берген сұхбатында.
Роскопфтің айтуынша, бұл федералды полицияның жұмысын еселеп арттырады. Ол да көршілес елдермен нақты әрі айқын келісімдерге келу қажеттігін атап өтті.