Өртті енді роботтар сөндіреді

Төтенше жағдай мамандары енді өртті инновациялық технологиямен сөндіретін болыпты.
Министрліктің өңір-өңірдегі бөлімшелері өртпен күресудің инновациялық құралдары мен техникалары кеңінен қолдануға кіріскен деген ақпарат тарады. Соның бірі СҚО-да алғаш рет отандық өндірістен шыққан ерекше техника – шынжыр табанды өрт сөндіру роботы таныстырылған.
Киров атындағы зауытта құрастырылған бұл ақылды құрылғы күрделі және қауіпті жағдайларда жұмыс істеуге бейімделген. Роботтың басты ерекшелігі – суды 70 градусқа дейінгі бұрышпен 65 метрге дейін атқылап, сағатына 1 метр жылдамдықпен жылжи алады. Жарылыс қаупі бар, опырылу мүмкін аймақтарда да батыл қимылдай алатын робот құтқарушылардың сенімді серігіне айналмақ.
Техникалық серпін тек роботпен шектелмейді. Елдің суға бай аймақтарында – Ақмола, Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстарында құтқарушылар судағы қауіптерге қарсы тұруға бейімделген өрт сөндіруші қайықтармен жабдықталған. Мотопомпалармен және ұзын өрт жеңдерімен толықтырылған бұл су көліктері табиғи өрттерге қарсы күресте таптырмас құрал болып отыр. Әсіресе қамысты, батпақты, техника жете алмайтын жолсыз жерлерде олардың пайдасы орасан.
Мәселен, Ақмола облысының Көкшетау, Зеренді, Аршалы және Бурабай аудандарында өрт сөндіру қайықтары белсенді қолданылып келеді. Ал Ақтөбе облысында өзен-көл жағалауларының бойындағы өрттерге тосқауыл қоюда бұл қайықтар құтқарушылардың қолын ұзартты. Қызылорда мен Батыс Қазақстанда да мамандар осындай техникамен жабдықтала бастаған.
Б.МЕЙІРБЕК