Каспий арқылы мұнай ұрлағандар соттала ма?

Ақтауда соңғы екі жыл бойы жабық күйде болған атышулы іс бойынша сот процесі басталды.
Айыпталушылар орындығында – мұнай өндіру және тасымалдаумен айналысатын жекеменшік компаниялардың бес өкілі отыр.

Оларға ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысу және мұнай өнімдерін заңсыз шетелге шығару (экономикалық контрабанда) айыбы тағылған.
Іс 2023 жылы Каспий теңізіндегі «Мелиана» танкерінің ұсталуынан басталған. Бұл кеме BatysNefteTrade («БатысНефтеТрэйд») компаниясына тиесілі. Кеме Ақтау портынан Әзербайжанға бет алмақ болған сәтте арнайы қызметтер тоқтатып, борттағы жүк – заңсыз шығарылған мұнай өнімдері болуы мүмкін деген күдікпен тергеу бастаған. Алайда бұл іс бойынша Қауіпсіздік комитеті екі жыл бойы ресми ақпарат таратпаған.
2025 жылдың маусымында іс сотқа жетті. Сотқа тартылғандар:
– Ренальд Мелкумов – BatysNefteTrade құрылтайшысы;
– Рафхат Кистаубаев – Standart Petroleum директоры;
– Рамиз Рамазанов – Mangystau Oil Refining басшысы;
– Алексей Райгородский – қайта өңдеу инженері;
– Мерген Кенжебеков – зертхана қызметкері.
Олардың барлығы ұйымдасқан топ құрамында әрекет етіп, мұнай өнімдерін шетелге заңсыз шығарған деген күдікке ілінді. Айыпталушылар өздеріне тағылған айыптарды мойындамай отыр. Қорғаушылардың айтуынша, танкерде шикі мұнай емес, тек пешке арналған отын болған. Ол тауар шектеуге жатпайды.
Бүгінгі сот отырысына Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің өкілі жауап берді. Оның айтуынша, күдіктілердің әрекетінен мемлекетке 320 миллион теңгеден астам шығын келген. Департамент бұл соманы айыпталушылардан немесе BatysNefteTrade компаниясынан өндіріп алуды талап етіп отыр.
Алайда сотта өкіл бұл шығынның қалай есептелгенін нақты түсіндіре алмады. Сотқа шақырылған куәлар келмегендіктен, судья отырысты кейінге шегерді.
Айта кетейік, бұл Ақтау портындағы мұнайға қатысты алғашқы даулы іс емес. Биыл сәуір айында ҰҚК порт президенті Абай Түрікпенбаевты қызмет бабын асыра пайдаланды деген күдікпен қамауға алған болатын. Ол әлі тергеу изоляторында отыр.
Ақтау порты – Қазақстанның стратегиялық нүктесі. Оны елдің «батыс қақпасы» деп атайды. Жыл сайын бұл порт арқылы миллиондаған тонна мұнай, астық, металл және басқа да экспорттық тауарлар шетелге жөнелтіледі. Сондықтан заңсыз жүктің осы жерден тасымалдануы құқық қорғау органдарының ерекше назарын аударады.