Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 11:50

Ресей Қазақстаннан ондаған әскери ұшақты алып кеткен

Әскери ұшақ
Фото: ашық дереккөз

1992 жылы Қазақстаннан ондаған Ту-95МС әскери ұшағы жоғалып кеткен. 

Бұл туралы Defense Express басылымы хабарлап, оқиғаға Ресейдің тікелей қатысы бар дейді. 

Басылым деректеріне сүйенсек, Мәскеу Қазақстанды алдап, шамамен 40-қа жуық Ту-95МС стратегиялық бомбалаушы ұшағын өз иелігіне алған. Авторлардың жазуынша, бұл сол кездегі Ресейдің иелігіндегі дәл осы үлгідегі ұшақтардан 1,5 есе көп. Алайда бұл жағдай жұртшылыққа кеңінен мәлім болмады, себебі ресейлік тарап ізін шебер жасырып үлгерген.

1992 жылдың ақпанында Ресейде Ту-95МС ұшақтарының өндірісі тоқтатылған еді. Ол кезде Ресейде бар-жоғы 22–27 Ту-95МС, 45 Ту-95К-22 (Х-22 зымырандарын тасымалдайтын) және 7 Ту-95К оқу-жаттығу ұшағы болған. Ал Қазақстанда сол кезеңде 40 Ту-95МС ұшағы тіркелген. Оның ішінде 27-сі – зымыран тасымалдауға бейімделген МС-16, қалған 13-і – тек бомба бөлімінде қару тасымалдай алатын МС-6 нұсқасы еді. Шын мәнінде, Қазақстанның меншігіндегі нақты үлесі – 21 ұшақ.

Аталған ұшақтар 79-бомбалаушы авиациялық дивизия құрамында болғанымен, Қазақстан оларға толық бақылау орната алмаған. Бұл жағдай Ресейдің мүддесіне сай шешілген.

Ұшақтардың жоғалуына қатысты бірнеше нұсқа бар. 1990 жылдардың басында Қазақстан мен Ресейдің стратегиялық авиация бөлімдері бірлесіп жұмыс істеген. «Семей-2» және «Украинка» әуе базалары арасында ұшулар жиі болған. Ұшулар кезінде екі елдің экипаждары радиоқоңырау белгілерімен алмасып отырған.

Бірінші нұсқаға сәйкес, Ресейге ұшып барған қазақстандық Ту-95МС ұшақтарының орнына кейін ескірген Ту-95К ұшақтары қайтарылған. Мәскеу бұл айланы қазақстандық ұшқыштардың сенгіштігін пайдаланып жүзеге асырған. Қазақстан жағдайды түсінгенде, бәрі кеш болған.

Екінші нұсқада, Ресейге барған ұшақтар мүлде қайтарылмаған делінеді. Ресейлік дереккөздер ұрланған ұшақтар саны 16–18 деп көрсетеді. Алайда қалған 20-дан астам ұшақтың қайда кеткені туралы нақты мәлімет жоқ.

Сонымен қатар Қазақстандағы ұшақтардың нақты саны мен үлгілері де түсініксіз күйде қалып отыр. Олардың ішінде оқу-жаттығуға арналған Ту-95К нұсқалары ма, әлде Х-22 зымырандарын тасымалдайтын Ту-95К-22 ұшақтары ма — бұл жағы беймәлім. Жоғалған ұшақтардың қазіргі жағдайы мен қайда екені де құпия күйінде қалып отыр.

Тегтер: