Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:40, 19 Мамыр 2025

Джо Байденге қатерлі ісік диагнозы қойылды

Байден
Фото: ашық дереккөз

АҚШ-тың бұрынғы президенті Джо Байден қуықасты безінің қатерлі ісігіне шалдықты. 

Қауіпті диагноз оған өткен аптада қойылған. Дәрігерлер анықтағандай, бұл – онкологиялық дерттің өте агрессивті түрі. Глисон шкаласы бойынша 9 балмен 5-топқа жатқызылған.

Қазіргі уақытта 82 жастағы саясаткер отбасымен бірге ем-дом шараларын қарастырып жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, бұл дертке гормоналды терапия арқылы қарсы тұруға мүмкіндік бар. Алайда қуықасты безінің дәл осы түріне нақты дәрі-дәрмек әлі күнге дейін табылған жоқ.

Байден осыған дейін де денсаулығына қатысты алдын алу шараларынан өткен. Төрт жыл бұрын ол қатерлі ісіктің даму қаупін төмендету мақсатында хирургиялық операция жасатқан болатын.

Экс-президент өз ауруына экологиялық факторлардың әсер еткенін айтады. Оның айтуынша, өзі тұрған Делавэр штатындағы Клеймонт қаласында мұнай өңдеу зауыттары көп шоғырланған. Осы өндіріс ошақтарынан тараған зиянды қалдықтардың салдарынан өңірде қатерлі ісік деректері жиілеп кеткен. Байден де сол зардап шеккендердің бірі болуы мүмкін екенін жеткізді.

Өзіне дейін елді басқарған Джо Байденді сынап жүрген АҚШ-тың қазіргі президенті Дональд Трамп жексенбі күні Truth Social әлеуметтік желісінде пост жазып, Байден мен оның зайыбы Джиллге қолдау білдірді.

"Мелания және мен Джо Байденге жақында қойылған медициналық диагноз туралы естіп мұңайып қалдық", – деп жазды Трамп әйелі екеуінің атынан. "Біз Джилл мен отбасына ең жылы әрі жақсы тілегімізді білдіреміз және Джоның тезірек оңалып, жазылып кетуін тілейміз". АҚШ-тың 46-президенті Байденнің тұсында вице-президент болған Камала Харрис "Джо — күрескер, ол бұл сынақты да өзін өмір жолында жетекші болуға жетелеген күш-жігерімен, қайсарлықпен және сенімділікпен өткеретініне сенімдімін" деп жазды.

АҚШ-тың бұрынғы президенті Барак Обама (оның тұсында Байден екі мерзім вице-президент болған) "Мишель екеуіміз күллі Байдендер отбасын ойлап отырмыз. ... Ол бұл сынаққа өзіне тән батылдығымен төтеп береді деп кәміл сенемін" деді.

Джо Байден АҚШ президеті болған 2021–2025 жылдар аралығында оның денсаулық жағдайы қоғам назарында болды. Екінші мерзімге сайлану мақсатымен демократиялық партиядан кандидат ретінде саяси додаға түскен оның республикашылдар кандидаты Дональд Трамппен өткізген телесайыста сөзден тосылып қалғаны жақтастарының алаңдаушылығын туғызған. Байден былтыр шілде айында сайлау науқанынан шығып, өзінің саяси серігі, вице-президент Камала Харриске жол берген. Харрис сайлауда Трамптан жеңіліп қалды.

Джо Байден 2020 жылы сайлауда жеңіске жеткен кезде АҚШ тарихында президент болып сайланған жасы ең үлкен адам болды. Президент қызметіндегі өкілеті аяқталғаннан кейін Байден жұрт алдына тек бірнеше рет қана шықты.

Тегтер: