Баку мен Мәскеу арасындағы дау: Ресей азаматтары Әзербайжанда жаппай қамауға алынды

Әзербайжан астанасы Бакуде сегіз ресейлік азамат тұтқындалды.
Оларға есірткі тасымалдау, есірткі саудасына қатысу және киберқылмыс ұйымдастырды деген ауыр айыптар тағылған. Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, тұтқындалғандар Ираннан заңсыз жолмен жеткізілген есірткіге қатысы бар деген күдікке ілінген. Күдіктілер Сабаиль аудандық сотына жеткізілген. Сот отырысында олардың кейбірінен азаптаудың белгілері анық байқалған: беттері көгерген, киімдерінде қан іздері бар, ал бір азаматтың маңдайынан қан ағып тұрғаны тіркелген. Бұл жағдай құқық қорғаушылар мен халықаралық ұйымдардың назарын аудартты.
Қамауға алынғандар қатарында белгілі ресейлік IT-мамандар да бар. Атап айтқанда, бағдарламашы Дмитрий Безуглый және онлайн химиялық тазарту қызметін құрған Airo компаниясының негізін қалаушы Антон Драчев бар. Сондай-ақ турист ретінде барған Александр Вайсеро мен 2022 жылдан бері Әзербайжанда тұрып жатқан Сергей Софронов та ұсталғандар қатарында.

Telegram-арнасы Shot-тың дерегінше, күдіктілерді сот залына қысқа уақытқа ғана әкеліп, темір тордың ішіне отырғызған. Бұл әрекет жергілікті ақпарат құралдарына арналған “көрініс” болуы мүмкін деген болжам айтылды. Әзірге Әзербайжан билігі бұл іске қатысты ресми мәлімдеме жасаған жоқ.
Осы оқиғадан бір күн бұрын, 1 шілдеде, Баку қаласының Хатаин аудандық соты Ресейдің «Россия сегодня» агенттігінің Әзербайжандағы бөлімінің атқарушы директоры Игорь Картавых пен бас редакторы Евгений Белоусовты төрт айға қамауға алу туралы шешім шығарды. Оларға алаяқтық, заңсыз кәсіпкерлікпен айналысу және қылмыстық жолмен келген қаржыны заңдастыру баптары бойынша айып тағылып отыр.
Ресей Сыртқы істер министрлігі бұл жағдайға бірден жауап беріп, журналистерді дереу босатуды талап етті. Мәскеу Әзербайжан билігін русофобиялық әрекетке жол беріп отыр деп айыптап, бұл әрекет екі ел арасындағы жоғары деңгейдегі дипломатиялық іс-шараларға кері әсерін тигізуі мүмкін екенін мәлімдеді.
Қамауға алулар Ресей мен Әзербайжан арасындағы қатынастардың ушығуы кезінде орын алды. Бұған 29 маусым күні Ресейдің Екатеринбург қаласында әзербайжандық шыққан азаматтарға қарсы жасалған рейд себеп болды. Рейд барысында ұсталған Зиеддин және Гусейн Сафаров есімді азаматтар кейін қамауда көз жұмды. Ресми нұсқа бойынша, олардың өліміне жүрек соғуының жеткіліксіздігі себеп болған. Алайда бұл жағдай Бакуде этникалық қудалау ретінде қабылданып, қоғамда үлкен наразылық тудырды.
Ресей СІМ өкілі Мария Захарова бұл әрекетті азаматтық пен көші-қон мәселесіне қатысты шара деп түсіндіріп, этникалық негіздегі қудалау жоқ екенін атап өтті. Дегенмен, бұл түсініктеме әзербайжан қоғамын тыныштандырмады.
Ресей мен Әзербайжан арасындағы қарым-қатынас күрделеніп келеді. Баку мен Мәскеу арасындағы соңғы оқиғалар екіжақты сенімге сызат түсіріп, дипломатиялық шиеленісті күшейтуде. Күдіктілерге тағылған айыптардың ауырлығы мен этникалық астарға қатысты пікірлер бұл жағдайды одан әрі ушықтыра түсетіні анық.