Дмитриев: Зеленский соғысты тоқтату жолында үлкен қадам жасады
Киев пен Мәскеу Украинадағы соғысты дипломатиялық жолмен аяқтауға жақын. Себебі, Владимир Зеленский «фронт сызығын мойындады», — деп мәлімдеді Ресей президентінің арнайы өкілі Кирилл Дмитриев.
Ресейдің тікелей инвестициялар қорының (РФПИ) басшысы және президент Владимир Путиннің инвестициялық және экономикалық ынтымақтастық жөніндегі арнайы өкілі Кирилл Дмитриев АҚШ-қа сапары кезінде CNN арнасына берген сұхбатында Украина президенті Владимир Зеленскийдің соғысты тоқтату туралы соңғы мәлімдемелерін «дипломатиялық шешімге жасалған үлкен қадам» деп бағалады.
«Меніңше, Ресей, АҚШ және Украина шынымен де дипломатиялық шешімге өте жақын. Президент Зеленский фронт сызығы туралы ашық айтқаны – үлкен қадам», – деді Дмитриев CNN -ге берген сұхбатында.
Оның айтуынша, Зеленский бұған дейін Ресей әскерін ел аумағынан толық шығару талабын қойған еді.
«Демек, біз қазір шын мәнінде келіссөз арқылы шешілуі мүмкін дипломатиялық жолға бір табан жақындадық деп ойлаймын», – деді ол.
Сонымен бірге, Дмитриев Мәскеудің «қауіпсіздік кепілдігі» мен Кремльдің ұстанымын түсіну маңыздылығын айтып, Украинадағы әскери әрекеттердің жалғасуын сонымен түсіндірді.
Трамп пен Путин кездесуі
Кирилл Дмитриев АҚШ президенті Дональд Трамптың Будапештте Владимир Путинмен жоспарланған кездесуін кейінге шегеру туралы шешіміне де пікір білдірді. Оның айтуынша, екі ел басшыларының кездесуі бәрібір өтеді, тек сәл кейінірек.
«Ресеймен сөйлескен жақсырақ, сөйлеспегеннен гөрі», – деді ол.
Трамп та бұл саммиттің «болашақта өтетінін» растаған болатын.
Дмитриевтің айтуынша, Вашингтон мен Мәскеу тұтқын алмасу мәселесін де талқылап жатыр. Алайда бұл жолы «әдеттегі алмасу» туралы емес, деді ол журналист Сара Логанға берген жауабында.
Сапар барысында Дмитриев Трамптың арнайы өкілі Стивен Уиткоффпен де кездесіп, «АҚШ пен Ресей арасындағы диалогты жалғастыру» тақырыбын талқылайды. Бұл сапар Будапешт саммитінің кейінге қалдырылуынан және Трамптың «Лукойл» мен «Роснефтьке» қарсы санкциялар енгізу шешімінен бұрын жоспарланған.
Мәскеу “фронтты тоқтату” идеясын қабылдамады
Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров Дмитриевтің АҚШ сапарына дейін-ақ Украинадағы майданды дереу тоқтату идеясын қабылдамайтынын мәлімдеген. Оның сөзінше, соғысты «осылайша бірден тоқтату» Аляскада қол жеткізілген келісімдерге қайшы.
Лавровтың айтуынша, мұндай тоқтау кезінде Украина аумағының едәуір бөлігі Кремль «нацистік режим» деп атайтын қазіргі биліктің қолында қалады. Сондықтан Мәскеу бұл нұсқаны «қабылдауға болмайды» деп есептейді.