LRT жобасын жүзеге асырып жатқан компания жарты жылда 11 млрд теңге шығынға батты

Астана әкімдігіне қарасты City Transportation Systems (бұрынғы атауы – Astana LRT) 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығын 11,49 млрд теңге шығынмен аяқтады.
Бұл туралы компания AIX қор биржасында жарияланған қаржылық есебінде хабарланды.
CTS – Астанадағы жалғыз қоғамдық көлік операторы. Қазіргі уақытта компания LRT жобасын іске асырумен айналысып жатыр. Аталған жеңіл рельсті көлік жүйесі 2025 жылдың қыркүйегінде сынақ режимінде іске қосылып, 2026 жылдың көктемінде толық пайдалануға беріледі деп жоспарланған.
2025 жылдың бірінші жартысында компанияның жалпы кірісі 5,3 млрд теңге болды. Бұл сома қалалық және қала маңындағы жолаушы тасымалы, мемлекеттік субсидиялар, жол жүру карталарын сату, автотұрақ пен жылжымайтын мүлікті жалға беру, сондай-ақ Astana bike жобасы арқылы түскен табысты қамтиды.
Алайда көрсетілетін қызметтердің өзіндік құны ескерілгенде, операциялық табыс теріс мәнде қалып, 598,7 млн теңге шығын көрсеткен.
2025 жылдың 30 маусымындағы жағдай бойынша компанияның ақшалай қаражаты мен оның баламалары – 4,9 млрд теңге болды. Ал қызметі басталғалы бері жиналған жиынтық шығын көлемі 224,9 млрд теңгеге жеткен.
Сондай-ақ, компания есебінде аяқталмаған құрылыс жобаларына салынған инвестициялар көлемі 363,64 млрд теңге деп көрсетілген. Бұл негізінен LRT жобасына тиесілі.
Жыл басында CTS компаниясының жарғылық капиталы 417,5 млрд теңге болса, қаңтарда әкімдіктің шешімімен 143,6 млрд теңге, сәуірде тағы 1,7 және 4,9 млрд теңге аударылған. Нәтижесінде, 2025 жылдың 30 маусымында компания капиталы 561,14 млрд теңгеге жетті.
Астанадағы LRT – ел тарихындағы ең даулы инфрақұрылымдық жобалардың бірі. Бастапқыда оның құрылысы 2011 жылы ұсынылғанымен, нақты жұмыстар тек 2017 жылы басталды. Жобаның сметалық құны бірнеше рет өзгеріп, 1 млрд доллардан асып кеткені мәлім. Бірнеше рет тоқтап қалған құрылыс жемқорлық дауына да іліккен. Бірқатар лауазымды тұлғалар жауапкершілікке тартылды.
Қазіргі таңда LRT желісінің сынақ іске қосылуы 2025 жылдың қыркүйегіне, ал толық пайдалануға берілуі 2026 жылдың көктеміне жоспарланып отыр.