Испанияда Украина ІІМ-нің экс-қызметкері өлі күйінде табылды

Украинаның Ішкі істер министрлігінің бұрынғы шенеунігі Игорь Грушевскийдің денесі Испанияның Вильяхойоса қаласындағы тұрғын үй кешеніндегі бассейннен табылды.
Айта кетейік, дәл осы тұрғын үй кешенінде 2024 жылдың ақпанында Украина жағына өткен ресейлік ұшқыш Максим Кузьминов өлтірілген болатын.
Басылымның дерегінше, Грушевский жұмбақ жағдайда қаза тапқан. 29 маусымда Cala Alta тұрғын үй кешеніндегі бассейннен оның тіршілік белгілері жоқ денесі табылған. Денесінде зорлық-зомбылық белгілері байқалмағанымен, бір құлағынан қан аққаны тіркелген. El Espanol-дың жазуынша, оның өліміне жүрек тоқтауы не инсульт себеп болуы мүмкін, дегенмен кісі өлтіру нұсқасы да жоққа шығарылмайды.
61 жастағы Игорь Грушевский Украина ІІМ-нің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің жоғары лауазымды қызметкері болған. Кейін Ұлттық полицияда да жұмыс істеген. Басылымның мәліметінше, ол зейнетке шыққан соң Испанияға көшіп келген. Қайтыс болар алдында жақында ғана сол тұрғын үй кешенінен пәтер сатып алып, жөндеу жұмыстарын жүргізіп жүрген.
Украина Сыртқы істер министрлігі Грушевскийдің қайтыс болғанын растады. Барселонадағы Украинаның Бас консулдығының ақпарына сүйенген СІМ оның өліміне “батып кету” себеп болғанын хабарлады. Сондай-ақ, марқұмның денесін Украинаға жеткізу үшін құжаттарды ресімдеуде көмек көрсетілгені айтылды.
Еске салайық, 2024 жылдың ақпан айында осы Cala Alta тұрғын үй кешенінің автотұрағында Ресей Қарулы күштерінің 319-армиялық тікұшақ полкінің ұшқышы Максим Кузьминов атып өлтірілген еді. Ол 2023 жылдың қыркүйегінде Курск облысынан Ми-8 әскери тікұшағын Украинаға айдап әкелген, кейін Испанияға қоныс аударған. CBS телеарнасының 2024 жылғы қарашадағы мәліметі бойынша, Кузьминовтың өліміне бұрынғы КГБ офицері мен оның туысы, Ресей полициясының полковнигінің қатысы болуы мүмкін.