Шерзат Полат ісі: Сотталғандар қашан бостандыққа шыға алады?

Жасөспірім Шерзат Полаттың өліміне қатысты атышулы іс бойынша үкім 2025 жылдың 5 маусымында шықты.
Талғар аудандық соты 16 жастағы жасөспірімді аяусыз өлтірген қылмыстық топқа 1,5 жылдан 23 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын кесті. Сот отырысын судья Ержан Жанұзақов жүргізіп, үкімді Алматы облыстық прокуратурасының сұранысына сай шығарды.
Сотталғандардың мерзімінен бұрын бостандыққа шығу ықтималдығы қоғамда үлкен қызығушылық тудырды. Бұл мәселе туралы адвокат Бағдагүл Әжіғалиева журналист Жан Ахмадиев жүргізген тікелей эфир барысында пікір білдірді.
Мерзімінен бұрын босап шығу үшін қандай шарттар орындалуы керек?
Адвокаттың айтуынша, сотталғандар мерзімінен бұрын бостандыққа шығуы үшін бірнеше маңызды шарттар бар:
- Азаматтық талапты өтеу – Жәбірленуші тараптың моральдық өтемақы түрінде қойған талап толық өтелуі керек. Егер бұл талаптар орындалмаса, мерзімінен бұрын босату мүмкін емес.
- Жазаның белгілі бір бөлігін өтеу – Ауыр қылмыс жасағандар жазаның жартысын, ал аса ауыр қылмыс үшін сотталған Абзал Шынасыл мен Равиль Сәкиев секілділер жазаның үштен екі бөлігін өтеуі тиіс. Бұл – Қазақстан заңнамасына сай талап.
- Сот шешімі мен қосымша тыңдалым – Мерзімінен бұрын босату туралы шешімді тек сот қабылдайды. Бұл үшін арнайы сот процесі өтіп, жәбірленуші тараптың пікірі де ескеріледі.
- Түзету мекемесінің мінездемесі – Қылмыскердің түзету мекемесіндегі тәртібі мен мінез-құлқы оң сипатқа ие болуы қажет. Басшылық тарапынан берілетін оң мінездеме маңызды рөл атқарады.
Жәбірленуші тараптың адвокаты Мейірман Шекеевтің айтуынша, марқұмның әкесі, анасы мен әжесі моральдық шығын ретінде сотталушылардан жалпы сомасы 600 миллион теңгеден астам өтемақы талап еткен. Сот бұл соманың бір бөлігін ғана қанағаттандырды.
2024 жылдың 4 қазанында Алматы облысында болған қанды оқиға елді дүр сілкіндірген еді. Жас жігіттер тобы 16 жастағы Шерзат Полатты аяусыз ұрып-соғып, соққы салдарынан ол көз жұмған. Куәгерлер бұл қатыгездікті видеоға түсіріп үлгерген. Ал 12 қазанға қараған түні марқұмның отбасына тиесілі үй өртке оранды. Жәбірленушілер бұл оқиғаны күдіктілермен байланыстырады.
Алғашында тек Абзал Шынасыл негізгі айыпталушы деп танылса, кейін жәбірленуші тарап өз арызында барлық қатысушыларға қатысты жаза сұраған. Алайда прокурорлар кейбіріне қатысты қосымша айып тағуға қарсы шықты.
Сот үкімі шыққанымен, бұл іс әлі де қоғамдық назарда. Мерзімінен бұрын босап шығу – тек жазаның ұзақтығына емес, жәбірленуші тараптың азаматтық талабы мен сот шешіміне тікелей байланысты. Қоғамның әділетке деген сенімі сот процестерінің ашық әрі әділ өтуімен өлшенеді.