Беттестіруде марқұм Нұрқанат Ғайыпбаев мылтық атпағанын бірнеше рет айтқан

Шерзаттың немере ағасы, марқұм Нұрқанат Ғайыпбаев пен күдікті Нұрқияс Ілиясовты беттестіру бейнежазбасы қаралды.
Бейнежазбада айыпталушы оқиға болған күні мылтықты Нұрқанаттан тартып алғанын, өзінде пышақ болмағанын айтқан. Ал Ғайыпбаев мылтық атқанын жоққа шығарған. Сондай-ақ, барлық беттестіруде мылтыққа өзінің қатысы жоқ екенін бірнеше рет айтқан.
Сотталушы Нұрқияс Ілиясовтың видеода марқұмды мылтықпен ұрғанын мойындағаны, оқиға орнынан қаруды алып кеткені жайлы айтқаны бар.
Шерзат Полаттың анасы Гүлбара Бишимбиева беттестіру кезінде сотталушылардың бірі Шынасыл Абзалдың өзіне "аузыңды жап, сені де өлтіреміз" дегенін айтқан. Сондай-ақ, ол оқиға кезінде барлық қатысушының қолында пышақ болғанын мәлімдеген. Бірақ сотталушы Нұрқияс бұл айыптаумен келіспейтінін айтып, оқиға орнында марқұмның анасын көрмегенін жеткізді. Сол үшін беттестіруден бас тартқан.
Еске салайық, 2024 жылдың 4 қазанында Талғар қаласында қайғылы оқиға тіркелді. 16 жастағы Шерзат Полат жанжал салдарынан дүкен маңында қаза тапты. Оқиға кезінде клиенттердің бірімен келіспеушілік шығып, жанжал төбелеске ұласқан. Нәтижесінде Шерзат пышақ жарақатынан көз жұмды. Қасындағы немере ағасы Нұрқанат Ғайыпбаев ауыр жараланып, кейін өз-өзіне қол салғаны хабарланды. Алайда марқұмның туыстары бұл нұсқаға күмән келтіріп отыр.
Құқық қорғау органдары оқиғаға байланысты 9 адамды күдікті ретінде ұстады. Оларға Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша айып тағылған: «Адам өлтіру», «Қылмысқа дайындалу және оқталу», «Қару қолдану арқылы бұзақылық жасау», «Бұзақылық» және «Ұрлық».
Күдіктілер қатарында Абзал Шынасыл, Равиль Сәкиев, Азамат Тоқтаубаев, Дидар Қалиахмет, Дархан Әскентай, Нұрбол Тоқтаубаев, Шыңғыс Белғожаев, Нұрқияс Ілиясов және кәмелет жасына толмаған Думан Ысқақ бар. Тергеу амалдары жалғасып жатыр.