Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 16:50

Ақ үй Иранға ядролық соққы жасау мүмкіндігін қарастырып жатыр

Трамп
Фото: zhasalash.kz

АҚШ Иранның Фордо қаласындағы уран байыту зауытына тактикалық ядролық қару қолдануы мүмкін. 

Бұл туралы Fox News телеарнасының тілшісі Джеки Хайнрик Ақ үйдегі дереккөзге сілтеме жасап хабарлады.

Журналистпен сөйлескен шенеуніктің айтуынша, АҚШ әскери күштері Ирандағы ядролық нысанды жою үшін панаға қарсы (бункер) бомбалардың тиімділігіне сенімді, дегенмен тактикалық ядролық соққы да ықтимал нұсқа ретінде қарастырылып жатыр.

Осылайша, Трамп әкімшілігі британдық The Guardian басылымының «Ирандағы Фордо зауытын тек тактикалық ядролық соққымен ғана жоюға болады, бірақ Трамп бұл нұсқадан бас тартты» деген ақпаратын жоққа шығарды.

Бұған дейін Axios басылымы Трамптың 13,6 тонна салмақты GBU-57 атты аса қуатты бомба 90 метр тереңдікте орналасқан ядролық зауытты толықтай жоя алады дегенге күмәнмен қарайтынын жазған еді. АҚШ Қорғаныс министрлігіне қарасты Әскери қауіптерді азайту агенттігі (DTRA) Фордо нысанын жою үшін алдымен топырақты кәдімгі бомбалармен жұмсарту, содан кейін ядролық оқтұмсықпен соққы беру керек деген қорытынды жасаған.

The Wall Street Journal мәліметінше, Трамп Иранға әскери соққы беру жоспарын 17 маусымда мақұлдаған, бірақ әзірге оны іске асыру бұйрығын бермеген. Ақ үй Трамп Тегеран ядролық бағдарламасынан өз еркімен бас тартады деп үміттеніп отырғанын жазды.

Ақ үйдің баспасөз хатшысы Кэролайн Ливитт Трамптың екі апта ішінде Иранға соққы жасау туралы нақты шешім қабылдайтынын мәлімдеді.

Бұған дейін Трамп Ираннан толық және сөзсіз берілуін талап етіп, Ислам Республикасы әуе кеңістігін толық бақылай алатынын, тіпті Иранның Жоғарғы көшбасшысы аятолла Әли Хаменеидің қайда екенін де білетінін айтқан. Ол Хаменеиді «оңай нысана» деп атап, бірақ оны өлтіру жоспары жоқ екенін жеткізді.

Жауап ретінде аятолла Хаменеи:

«Иран ешқашан тізе бүкпейді және АҚШ президентінің талаптарын орындамайды. Кез келген әскери шабуыл ауыр әрі орны толмас салдарға әкеледі. Біз зорлықпен таңылған соғысқа да, бейбітшілікке де қарсы тұрамыз», - деп хабарлады.

Тегтер: