Қорғаныс университетінен Назарбаевтың аты алынып тасталады

Қазақстанның Ұлттық қорғаныс университеті атауын өзгертпек — енді оның атауында Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі болмайды.
Бұрын оқу орны «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университеті» деп аталды.
Бұған дейін Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен аталған оқу орны енді жай ғана Қазақстан Республикасының Ұлттық қорғаныс университеті деп аталмақ. Тиісті өзгерістер енгізу туралы жоба «Ашық НҚА» порталында жарияланды. Құжатты талқылау 18 шілдеге дейін жалғасады.
2023 жылғы ақпанда Тоқаев Елбасы мәртебесі мен оған қатысты барлық артықшылықтарды алып тастайтын «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» заңның күшін жоятын құжатқа қол қойған еді. 4 шілдеде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кәсіптік біліктілік, мемлекеттік наградалар, әлеуметтік қамсыздандыру және білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға Тоқаев қол қойды. Назарбаевты оның есімі бойынша құрылымдардың қамқоршылық кеңестерінің басшысы мәртебесінен айыруды мақұлдады.
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан балаларға ақшалай қаражатты есептеу, оларды төлеу және пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 1-бабының 16-тармағы Министрліктің «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университеті» республикалық мемлекеттік мекемесінің атынан «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы атындағы» деген сөздер алып тасталсын. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі», - делінген түзету негіздемесінде.
Сондай-ақ еске салайық, билік ел астанасына Астана атауын қайтарып, Конституциядан Назарбаевқа берілген "Елбасы" статусын, оны және отбасын қылмыстық қудалаудан сақтайтын мүмкіндіктерді алып тастады.