Қайрат Боранбаевтың інісі екі жылдық іздеуден кейін ұсталды

Мұрат Боранбаевтың ұсталғанын Қаржылық мониторинг агенттігі растады.
Ол қаржы мониторингі агенттігінің құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарының порталында күдіктілер тізіміне енген еді.
Өткен жылдың желтоқсанында Қайрат Боранбаевқа тиесілі RR2 компаниясы бұрын мемлекеттік меншікте болған Alan Parking фирмасының 30 пайыз үлесін сатып алған еді. Бұл компания Алматыдағы ақылы автотұрақтарды басқаратын оператор болған.
Кейінірек Алматы әкімдігі «Алматы спецтехпаркинг сервис» компаниясының 70 пайыз үлесі мен Alan Parking компаниясының 100 пайызы қаланың меншігіне қайтарылғанын хабарлады.
2023 жылдың күзіне дейін Мұрат Боранбаев халықаралық іздеуде болған. Сол кезде Қаржылық мониторинг агенттігі экономикалық тергеу қызметі аса ірі көлемдегі мемлекеттік қаражатты жымқыру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдарын жүргізіп жатқанын мәлімдеген.
Ол Алматыдағы ақылы автотұрақ бойынша қозғалған қылмыстық істе айыпталушы деп танылып, іздеуде болған. Яғни аса ірі көлемде мемлекет қаржысын жымқырды деген күдікке ілінген.
“ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі Боранбаев М.С.-ке қатысты іздестіру 2024 жылғы 24 желтоқсанда оның ұсталуына байланысты тоқтатылғанын хабарлайды”, – деп жазылған мемлекеттік органның ресми жауабында.
Айта кетсек, оның ағасы Қайрат Боранбаев (Назарбаевтың бұрынғы құдасы) наурыз айында қамауға алынған еді. Ол квазимемлекеттік секторда аса ірі көлемде қаражат жымқырды деп айыпталып отыр.