Еуроодақ отырысындағы тыңшылық: аудармашы Ресейге жұмыс істеген бе?”

Брюссельде өткен Еуропа кеңесінің отырысы кезінде украиналық және француз тілдерінде аударма жасаған әйел Украинаның президенті Владимир Зеленский қатысқан келіссөздердің егжей-тегжейлі жазып отырған.
Еуропалық комиссия (ЕК) 2024 жылғы 19 желтоқсанда Брюссельде өткен Еурокеңес отырысында Зеленскиймен өткен жабық келіссөз кезінде егжей-тегжейлі жазба жүргізген аудармашының аккредитациясын қайтарып алды. Сол кездесуде Дональд Трамп АҚШ президенті болып сайланғаннан кейін ЕО-ның Украинаға қолдау көрсету мәселесіндегі ортақ ұстанымы талқыланған. Le Monde басылымының 9 шілдедегі ақпаратына сәйкес, аудармашы Ресейдің пайдасына тыңшылық жасауы мүмкін деген күдікке ілінген.
Басылымның жазуынша, келіссөз барысында Украинаға Еуропалық қару-жарақ жеткізу және елдің Ресейге қарсы тұру мүмкіндігі жайы қозғалған. Еуроодақ 2025 жылы Украинаға кемінде 30 миллиард еуро көлемінде қаржылай көмек беруге уәде еткен. Бұл қаржы негізінен қару сатып алуға және энергетикалық инфрақұрылымды қорғауға бағытталмақ. Еурокомиссияның ішкі тексерісінің қорытындысы Бельгия билігіне берілген, енді олар бұл жағдайға Ресейдің барлау операциясы ретінде баға беру мәселесін қарастырады.
Еурокомиссия өкілі Балаш Уйвари аудармашының ЕК қызметкері емес, бұрынғы фрилансер болғанын айтты. Оның сөзінше, оқиға 2024 жылдың желтоқсанында орын алған, ал синхронды аудармашы “қалыптан тыс, тым егжей-тегжейлі стенографиялық жазбалар” жүргізген.
“Сол себепті ол жазбалар тәркіленді. Біз бұл адаммен енді ешқандай байланыс жасамаймыз және одан әрі аударма қызметін сұратпаймыз”, - деп қорытты ол.
Le Monde газетінің мәліметінше, Еурокеңес отырысы жабық есік жағдайында өткен, оған тек ЕО елдерінің мемлекет және үкімет басшылары қатысқан.
Келіссөз кезінде чехиялық синхронды аудармашылар көрші кабинада отырған әріптестері – толық аты-жөні жарияланбаған «ханым И.» деген аудармашының сөйлесулерді егжей-тегжейлі жазып алып отырғанын байқаған. Олар қауіпсіздік қызметіне хабар берген, кейін олар кабинаға баса-көктеп кіріп, аудиоаппаратура мен жазбаларды тәркілеп, аудармашыны залдан шығарып жіберген. Сол күні ішкі тергеу басталып, әйелдің аккредитациясы тоқтатылған және оған Еурокомиссия аумағына кіруге тыйым салынған.
Le Monde деректеріне сүйенсек, «ханым И.» ресейлік отбасында дүниеге келген, оның әпкесі де аудармашы болып жұмыс істейді. Екеуі де біраз уақыт Украинада тұрған. Соңғы 20 жыл бойы олар НАТО, Еурокомиссия, Францияның Қорғаныс және Сыртқы істер министрліктерінде фрилансер ретінде қызмет еткен. «Ханым И.» Страсбург университетінің құрамындағы Жазбаша және ауызша аударма және халықаралық қатынастар институтында (ITIRI) білім алған. Сонымен қатар ол 2002 жылы Киевте ағылшын тілі, шетел әдебиеті және психология мамандықтары бойынша дипломдар алған.
Францияның контрбарлау қызметі – Ішкі қауіпсіздік жөніндегі бас басқарма (DGSI), яғни тыңшылықпен күреске жауапты орган – бұл оқиға туралы ешқандай ақпарат алмағанын хабарлады.
Сондай-ақ Le Monde газетінің мәліметінше, Франция мен Брюссельдегі Украина елшіліктері бірнеше жылдан бері бұл аудармашының Владимир Зеленский қатысатын іс-шараларға қатысуына рұқсат бермей келеді. Украина тарапы оны Ресей билігімен байланысы бар деп есептейді.
Ал «ханым И.» Le Monde басылымына берген пікірінде өзіне бұл мәселеге байланысты хабарласқандарына қатты таң қалғанын айтқан. Оның айтуынша, оны НАТО мен Франция министрліктерінің аудармашылар қатарынан ресми түрде шығарып тастамағаны бұл жай ғана түсініспеушілік болғанының дәлелі.