Назарбаевқа қатысы бар ресейлік банк табысын екі есе арттырды

2025 жылдың бірінші тоқсанында Нұрсұлтан Назарбаевтың қоры бақылайтын ресейлік Азиат-Тынық мұхиты банкі (АТБ) 3,8 миллиард рубль (шамамен 20 миллиард теңге) таза пайда тапқан.
Бұл туралы банктің қаржылық есебінде көрсетілген. Көрсеткіш өткен жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда 122%-ға көп – 2024 жылдың бірінші тоқсанында банк 1,7 миллиард рубль пайда тапқан болатын.
Соған қарамастан, банк активтері бір жыл ішінде 10,7%-ға азайып, 303,4 миллиард рубльге дейін төмендеген. Міндеттемелері де 13%-ға қысқарып, 258,2 миллиард рубльді құрады. Есептелген, бірақ бөлінбеген пайда – 31,3 миллиард рубль.
Азиат-Тынық мұхиты банкі – Ресейдің аймақтық қаржы ұйымы, негізінен Қиыр Шығыс пен Сібірде жұмыс істейді. Қазіргі таңда банк 320 мыңнан астам жеке тұлғаға және 30 мыңнан астам заңды тұлғаға қызмет көрсетеді. 22 аймақта 88 елді мекенде 147 бөлімшесі бар.
Ашық дереккөздерге сүйенсек, таза пайда көлемі бойынша АТБ Ресейдегі банктер арасында 25-орында тұр.
2021 жылы Ресейдің Орталық банкі АТБ-ны сауықтыру рәсімінен өткізіп, кейіннен сату туралы шешім қабылдаған. Ең жоғары баға ұсынған Pioneer Capital Invest компаниясы оны 14 миллиард рубльге сатып алды. Сол кезде бұл компания Jusan қаржы-технологиялық тобын басқарған болатын.
2022 жылдың қараша айындағы деректер бойынша, АТБ Pioneer Capital Invest компаниясының жалғыз қаржылық активі болып қала берді. Бұл компанияның негізгі иесі ретінде Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен байланысты “Назарбаев қоры” аталған. Банк кейін сатылды деген ақпарат жарияланбағандықтан, қазіргі меншік құрылымы нақты анық емес.