Қазақстан Өзбекстанға да киік беру мәселесін қарап жатыр

Қазақстанның Экология және табиғи ресурстар министрлігі Өзбекстанға киік беру туралы меморандум жобасы қазіргі уақытта талқылану сатысында екенін хабарлады.
Ведомство мәліметінше, 22 шілде күні Өзбекстан Республикасының Экология, қоршаған ортаны қорғау және климаттың өзгеруі жөніндегі министрлігінің ресми ресурсында Қазақстан мен Өзбекстан арасында киіктерді қорғау саласындағы өзара түсіністік туралы меморандум дайындалып жатқаны жөнінде хабар жарияланған.
«Осы жылдың 22 шілдесінде Өзбекстан Республикасы Экология, қоршаған ортаны қорғау және климаттың өзгеруі министрлігінің ресми ресурсында Өзбекстан мен Қазақстан арасында киікті сақтау саласындағы өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қоюға дайындық жүріп жатқаны туралы хабарланған. Меморандум жобасы жұмыс тәртібімен Қазақстан тарапына ұсынылды және қазіргі уақытта қаралу сатысында тұр.
Осы мәселенің табиғатты қорғау маңыздылығын ескере отырып, меморандумның мазмұны екі елдің жауапты ғылыми мекемелері мен уәкілетті мемлекеттік органдарын тарта отырып, пысықтауды талап ететінін атап өткен жөн. Сонымен қатар жануарлар дүниесі өкілдерін беру, сондай-ақ меморандум жасасу мәселелері мемлекетаралық санатқа жатады», - делінген қазақстандық министрліктің бейсенбі күні таратқан хабарламасында.
Министрлік атап өткендей, жануарлар дүниесі өкілдерін басқа елге беру және меморандумға қол қою мәселелері мемлекетаралық сипатқа ие. Яғни, мұндай шешімдер жоғары деңгейде қабылдануы тиіс.
Бұған дейін Қазақстанда киіктердің саны күрт өсіп, кейбір өңірлерде олардың жайылымға, егіс алқаптарына залал келтіріп жатқаны айтылған болатын. Ауыл шаруашылығы саласының өкілдері киік популяциясын реттеу қажеттігін көтерсе, экологтар мен ғалымдар жануарларды атуға қарсы шығып, өзге шешімдер іздеуді ұсынған. Киіктер алдымен Қытайға, кейін Ресейге де тарту етілді.
Өзбекстанға киік беру туралы бастама — осы мәселені шешудің бір жолы ретінде қарастырылып отыр. Алайда ол халықаралық деңгейдегі келісімді, сондай-ақ екі елдің табиғат қорғау саласындағы бірлескен ұстанымын талап етеді.