Назарбаев өзі салдырған мешітке зиярат етті

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ресми сайтында елдің экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың мешіттегі суреттері жарияланды.
Мүфтияттың мәліметінше, зиярат барысында Назарбаев әулетінің марқұмдарына Құран бағыштаған.
"Зиярат аясында Нұрсұлтан Әбішұлы өмірден өткен әулетінің марқұмдарына құран бағыштап, ел амандығы мен бірлігі үшін дұға жасады", - деп жазды Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы.
Мешітке ол күзетшілер мен қызметкерлердің сүйемелдеуімен келген. Жанындағылар бөгде адамдардың жақындауына мүмкіндік бермеген. Халық оны тек қоршаудың арғы жағынан суретке түсіріп үлгерген.

Еске салайық, Астана қаласындағы бас мешіт 2023 жылдың 12 тамызында ашылды. Орталық Азиядағы ең үлкен мешіт Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен салынған. Құрылысқа барлығы 100 миллиард теңгеден аса қаржы жұмсалды.