Кеше Мойынқұм ауданында болған атыс оқиғасына қатысты мәліметтер белгілі болды

Алдын ала болжам бойынша, дүкеннің алдында болған жанжал бұған дейінгі бір шарада басталған кикілжіңнің жалғасы болған.
Ол жерде жәбірленушілер мен күдіктілер де болған.
Полиция мен прокуратура атыс кезінде тек травматикалық қару қолданылғанын айтып отыр. Ресми мәлімдемеде солай жазылған. Алайда ауруханаға жеткізілгендердің жарақаттарын және олардың жағдайын ескерсек, бұл тек травматикалық қару емес екені байқалады.
Жамбыл облысы денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, жансақтау бөлімінде 1997 және 1999 жылы туған туған ағайынды екі азамат жатыр. Үлкенінде ашық бас-ми жарақаты, ми шайқалуы, самай тұсынан, кеудесінен және оң жақ білегінен жарақат алған. Сонымен қатар оң және сол жамбасында көптеген пышақталған жарақаттар бар.
Кішісінде сол білегі, сол жамбасы мен оң қолынан оқ тиген. Ортаңғы саусағының ашық, бөлшектеніп сынуы, сол жамбастың жанай өткен оқ жарасы, оң жамбастың тұйық оқ жарасы және сол білектің жарасы тіркелген. Екеуінің де жағдайы ауыр.
Тағы екі жәбірленуші хирургия бөліміне жатқызылған. Біреуінің маңдай-төбе тұсында жыртылып-жаншылған жара болса, екіншісінің оң қолынан тұйық оқ жарасы бар. Дәрігерлер олардың жағдайын тұрақты деп бағалап отыр.
Күдіктілердің де жеке басы анықталған. Жамбыл облыстық полиция департаментінің таратқан мәліметіне сәйкес, 1999 жылы туған Елнұр Серікбаев пен 1997 жылы туған Тұрар Рысқұл іздеуде. Екеуі де — Алматы қаласының тұрғындары.
