Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 11:50

Қазақстан АЭС салу үшін ресейлік «Росатом» компаниясын таңдауды қайта қарамайды

Ресей
Фото: ашық дереккөз

Үкімет «соғыс жағдайындағы Ресей» компаниясымен жұмыс істеуді қауіпсіз деп санайды.

Қазақстан Республикасының Атом энергетикасы агенттігі алғашқы атом электр станциясын салу бойынша «Росатомды» бас мердігер ретінде таңдауды қайта қарауға негіз жоқ екенін мәлімдеді. Агенттіктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл шешім бірнеше деңгейде қабылданған — сала мамандарының сараптамасынан бастап, агенттіктің өзі мен Атом энергетикасы жөніндегі Ведомствоаралық комиссияның талқылауына дейін.

Таңдау әдістемесін халықаралық консалтингтік ұйым — Assystem растаған. Агенттік бұл шешім түпкілікті екенін және Қазақстандағы алғашқы АЭС жобасы аясында қайта қаралмайтынын нақты атап өтті.

Агенттік өкілдері «Росатомның» таңдалуы саяси емес, таза кәсіби және технологиялық тұрғыдан негізделген шешім екенін жеткізді. Тәуекелдерді бағалау барысында антиресейлік санкциялардың ықтималдығы, жабдық жеткізудегі үзілістер сияқты факторлар да жан-жақты ескерілген. Осыған қарамастан, «Росатом» — консорциумның көшбасшысы мәртебесіне ие болды.

Қазақстан мен Ресей арасындағы атом саласындағы серіктестік ұзақ мерзімге созылған стратегиялық байланыстарға негізделген. Бұл серіктестік, әсіресе ядролық отын өндірісі мен мамандар даярлау бағытында табысты жүзеге асып келеді.

Атом энергетикасы агенттігінің мәліметінше, әлемдік тәжірибеге сүйенсек, атом станциясын жобалау, құрылыс және іске қосу кезеңдері шамамен 10–12 жылға созылады. Осыған сәйкес, Қазақстандағы алғашқы АЭС-тің құрылысы 2035–2036 жылдары аяқталуы тиіс.

«Росатом» компаниясы да бұл мерзімге сәйкес жұмыс жүргізіп жатқанын растады.

Қазіргі таңда АЭС салынатын орын ретінде Үлкен (Жетісу облысы) таңдалған. Бұл аймақта сейсмологиялық жағдай, су ресурстары және энергия тұтыну көрсеткіштері жобаның талаптарына сай келеді. Сонымен қатар жергілікті тұрғындардың пікірі мен экологиялық сараптама қорытындылары да ескеріледі. Сондай-ақ, агенттік мәліметінше, Қазақстанда атом электр станциясын салатын консорциумды басқарып отырған ресейлік «Росатом» мемлекеттік корпорациясы халықаралық санкциялардың тізімінде жоқ.

Егер болашақта санкциялар күшейсе де, мұндай жағдайлар үшін арнайы шарттық тетіктер қарастырылған. Бұл тетіктер бұған дейін де Қазақстандағы басқа жобаларда қолданылған. Атап айтқанда, санкциялық ескертпелер мен құқықтық қорғау құралдары бар. Агенттік атап өткендей, атом энергетикасы әлеуметтік-гуманитарлық және климаттық тақырыпқа жататын сала болғандықтан, санкцияларға ілікпейді. Сонымен қатар, ықтимал тәуекелдер халықаралық заңгерлердің қатысуымен егжей-тегжейлі сарапталған.

АЭС – Қазақстанның ұзақмерзімді энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды қадамы. Еліміздегі электр қуатына деген сұраныстың артуына байланысты баламалы энергия көздерінен бөлек, тұрақты әрі сенімді энергия көзін дамыту – уақыт талабы.

Ресей немесе Қытай салған АЭС-тің бірінде апатты жағдай болса, оған салушы вендор компания емес Қазақстан үкіметі жауапты болды. Атом энергиясы жөніндегі агенттіктің баспасөз қызметі осылай деп түсіндіреді.

«Халықаралық тәжірибеге, соның ішінде 1963 жылғы 21 мамырда қабылданған, 1997 жылғы 12 қыркүйектегі Хаттамамен толықтырылған Ядролық залал үшін азаматтық жауапкершілік туралы Вена конвенциясының ережелеріне сәйкес, АЭС-тегі ықтимал оқиғалар үшін негізгі заңды жауапкершілік станция операторының мойнына жүктеледі. Мұндай модель көптеген елдерде қолданылады және залалды өтеу тетігін жеңілдетуге бағытталған», – деп жазылған агенттік хабарламасында.

Яғни атом станциясының қауіпсіздігі және болуы мүмкін кез келген апат үшін АЭС-тің операторы жауап береді.

Еске салайық, 14 маусым күні елдегі тұңғыш АЭС-тің бас мердігері ретінде «Росатом» таңдалды. Себебі ресейлік компанияның ұсыныстары ең оңтайлы және тиімді болды.

Тегтер: