Қазақстан мен Ұлыбритания қорғаныс саласындағы әріптестікті нығайтты

Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы әскери саладағы әріптестік жаңа деңгейге шықты.
Екі елдің қорғаныс министрліктері 2025–2026 жылдарға арналған әскери ынтымақтастық жоспарына қол қойды. Құжатқа қол қою рәсімі Ұлыбритания астанасы Лондонда өтті.
Қазақстан делегациясына Қорғаныс министрлігі Аппаратының басшысы, полковник Ербол Құмарбекұлы жетекшілік етті. Ресми сапар аясында тараптар екіжақты әскери байланыстардың қазіргі жай-күйін саралап, келешекке жоспарлар құруға ден қойды.
Келісім аясында:
- Қазақстандық әскери қызметшілердің Ұлыбританиядағы жетекші әскери оқу орындарында білім алуы,
- Тілдік дайындық,
- Бітімгерлік миссияларға даярлау,
- Әскери кадрлармен алмасу сынды бағыттар басты назарда болады.
Бұл құжат — ҚР мен Ұлыбритания арасындағы стратегиялық әріптестіктің тереңдеуінің нақты дәлелі. Әлемдік геосаяси тұрақсыздық жағдайында мұндай байланыстар аймақтық қауіпсіздік пен жаһандық тұрақтылыққа үлес қосады.
Жаңа жоспар — әскери саладағы байланыстарды нақты механизмдермен реттеп, екі ел әскерилерінің өзара түсіністігін арттыруға және бірлескен жаттығулар өткізуге жол ашады.
Қаламсаппен басталған әріптестік – әскери тәжірибе алмасумен жалғасады.