Трамп мәлімдемесінен кейін Мәскеу мен Бейжің теңізде бірлесіп жаттығу өткізді

Ресей мен Қытай Трамптың мәлімдемесінен кейін бірлескен әскери-теңіз жаттығуларын бастады.
Ресей мен Қытай әскери-теңіз күштері Жапон (Шығыс Корея) теңізінде бірлескен жаттығуларға кірісті. Бұл әскери маневрлер бұрын жоспарланғанымен, АҚШ-тың президенті Трамптың екі атомдық сүңгуір қайықты стратегиялық маңызды аймақтарға жылжыту туралы мәлімдемесінен кейін ерекше назарға ілікті.
The Telegraph басылымының жазуынша, жаттығулар 3 тамыз, жексенбі күні басталып, үш күнге созылады. Маневрлерге Қытай тарапынан төрт әскери кеме, соның ішінде басқарылатын зымырандары бар екі эсминец қатысуда. Сценарий бойынша, шартты қарсыластың сүңгуір қайықтарын залалсыздандыру сынды іс-қимылдар пысықталады.
Ресей мен Қытай өздерінің әскери ынтымақтастығы қандай да бір үшінші елге бағытталмағанын бірнеше мәрте мәлімдегенімен, Жапония бұл жаттығуларға ресми түрде наразылық білдірді. Ел билігінің мәлімдеуінше, Бейжің мен Мәскеу арасындағы стратегиялық байланыстардың нығаюы Жапонияның ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіреді.
Трамп пен Медведев арасындағы сөз тартысы
Осы жағдайлардың алғышарттарының бірі – Трамп пен Ресейдің Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Дмитрий Медведев арасындағы қашықтан болған қақтығыс. Медведев АҚШ-ты Ресейге қарсы санкцияларды күшейтетін болса, соғыс қаупі бар деп ескерткен. Трамп бұл мәлімдемені “арандатушылық” деп бағалап, екі атомдық сүңгуір қайықты “тиісті аймақтарға” жіберу туралы бұйрық бергенін хабарлаған. The Telegraph басылымының атап өтуінше, мұндай әскери қозғалыстар әдетте құпия сақталады.
Сонымен қатар Трамп Ресей мен Украинаны 8 тамызға дейін бейбіт келісімге келуге шақырды. Бұған дейін ол келісім мерзімін өзгертіп, Мәскеуге қысым жасауға тырысқан еді.