Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 11:40

Көлік вице-министрі пара алды деген күдікпен ұсталды – ҰҚК

Ұсталу
Фото: жедел бейне

Көлік саласына жауапты вице-министр пара алды деген күдікпен қамауға алынды.

Бұл туралы Ұлттық қауіпсіздік комитеті хабарлады. 

Кадрлардан байқағанымыздай, лауазымды тұлға көшеде келе жатқан сәтінде ұсталған. Одан кейін күштік құрылым өкілдері оның үйі мен жұмыс орнында тінту жүргізіп, ірі көлемдегі ақшалай қаражат тапты.

Бейнежазбада ақшаның бір бөлігі үйдегі ваза ішінде, ал қалғаны қызметтік кабинеттегі чемоданнан табылғаны көрсетілген.

Ұқк
Фото: ҰҚК

ҰҚК күдіктінің нақты аты-жөнін ресми түрде атаған жоқ. Алайда бұған дейін Сәтжан Аблалиевтің ұсталғаны туралы бейресми ақпараттар тараған болатын.

Әлеуметтік желілер мен телеграм-арналарда тараған бейресми мәліметтерге қарағанда, Аблалиевке "78 мың доллар көлемінде пара алды" деген күдік тағылып отыр. «Kozachkov offside» арнасының хабарлауынша, тергеу ісі Көлік министрлігіне қарасты Автомобиль жолдары комитетіндегі жұмыстармен байланысты болуы мүмкін.

Сәтжан Аблалиев кім?

54 жастағы Сәтжан Аблалиев көлік вице-министрі қызметіне 2023 жылдың қазанында тағайындалған. Бұған дейін ол шамамен екі жыл бойы Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары болған. Аблалиев — мемлекеттік басқару саласында тәжірибесі мол шенеунік, аймақтық және орталық деңгейдегі бірқатар басшылық лауазымдарда жұмыс істеген.