«Ұшақты біз атып түсірдік»: Ресейлік саясаттанушының мәлімдемесі дау туғызды

Ресейлік саясаттанушы Сергей Марков Ақтауға жақын маңда апатқа ұшыраған жолаушылар ұшағына қатысты шулы мәлімдеме жасады.
Оның айтуынша, ұшақты Ресей тарапы атып түсірген. Бұл пікір Ресей қоғамында да, халықаралық алаңда да резонанс туғызды.
Марковтың сөзінше, бұл әрекет кездейсоқ немесе техникалық ақауға байланысты емес — нақты шешіммен жасалған қадам. Саясаттанушы бұл туралы Царьград ТВ арнасына берген сұхбатында айтқан.

"Біз бұл ұшақты атып түсірдік. Ұшақты біздің атып түсіргеніміз анық. Ал Әзербайжан да Ресей билігі ұшақты атып түсіргенін біледі", - деді ол.
Осылайша Сергей Марков Ақтаудағы ұшақ апаты Әзербайжан мен Ресей арасындағы шиеленістің басты себебі болды деп есептейді.
Сондай-ақ, ол өз мәлімдемесінде Әзербайжан мен Армения арасындағы 2020 жылғы Таулы Қарабақтағы қақтығысты да еске салды. Ол кезде Әзербайжан ресейлік әскери тікұшақты байқамай атып түсірген болатын. Марковтың айтуынша, Әзербайжан бұл жағдайды бірден мойындап, кешірім сұрап, өтемақы төлеуге дайын екенін білдірген. Осы оқиғаны мысалға келтіре отырып, саясаттанушы қазіргі жағдайдың да шын мәнінде кімнің ісі екенін барша тарап біледі деп меңзейді.
Саясаттанушының бұл мәлімдемесі Мәскеу тарапынан ешбір расталмаған. Ал әзірге Ресей билігі бұл оқиғаға қатысты ресми пікір білдірмеді.