“Еңкей, тізеңді бүк!”: Мәскеуде мигранттарға қатыгез әрекет жасалды

Жуырда Мәскеудің Строгино ауданындағы көші-қон жұмысшыларын орналастырған жатақханада ОМОН жасақтары ауқымды рейд жүргізді.
Куәгерлердің айтуынша, күштік құрылым өкілдері мигрант ер азаматтарды бөлмелерінен қуып шығып, кейбірін тепкілеп, желкеден ұрып, балағат сөздер айтқан. Әлеуметтік желіде тараған видеолардан бұл көріністер анық байқалды.
Оқиға қоғамда қызу талқыланып, Өзбекстан тарабының наразылығына себеп болды. Өзбекстан Сыртқы істер министрлігі Ресей тарабына арнайы нота жолдап, өз азаматтарына көрсетілген қатыгездікті қатаң сынға алды. Мәлімдемеде бұл әрекеттер адамның негізгі құқықтарын бұзу екені көрсетілген.
Министрліктің хабарлауынша, өзбек делегациясы Ресеймен көші-қон мәселесі бойынша кеңес өткізген. Онда Өзбекстан өкілдері ресейлік құқық қорғау органдарының заңсыз тексерістер жасап, өзбектерге құрметсіз және кейде дөрекі қатынас көрсетіп жатқанын мәлімдеген.
— Бұл әрекеттер халықаралық құқық нормалары мен адам құқықтарын өрескел бұзады. Тиісті құқықтық баға беріліп, кінәлілер жауапқа тартылуы керек, - делінген Өзбекстан СІМ жолдаған нотада.
Айта кетейік, бұған дейін Ресей Қазақстан азаматтарына да қатысты кіру ережелерін күшейткен болатын. Сарапшылардың айтуынша, бұл Орталық Азия елдерімен арадағы миграциялық шиеленістің өршуіне әкеп соғуы мүмкін.
Өзбекстан билігінің жедел әрекеті мигранттардың құқығын қорғауға деген ұмтылысын көрсетеді.