Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 14:27

Қазынадан көп шығын, аз түсім: Ұлттық қордан миллиардтар қайда кетті?

Банк
Фото: ашық дереккөз

Ұлттық банк 2024 жылғы Ұлттық қордың қалыптасуы мен пайдаланылуы туралы есебін жариялады.

Құжатқа сәйкес, елдің «мұнайлық қазынасынан» түсімнен 65 пайызға көп қаржы жұмсалғаны белгілі болды.

Ұлттық банктің есебінде көрсетілгендей, жыл соңында Ұлттық қор активтері 66,2 миллиард долларды құраған. Ал 2024 жылғы инвестициялық табыс – 4,6 миллиард доллар (7,59 пайыз). Қор активтерінің табыстылығын арттыру – олардың теңгерімді түрде қайта бөлінуімен байланысты. Ең көп табыс алтынға салынған инвестициялардан түскен.

Алайда Ұлттық қордың активтері жұмыс істеп тұрғанымен, шынайы жағдай қордағы қаражаттың азайып бара жатқанын көрсетеді. Өйткені республикалық бюджеттің кем-кетігін жабу үшін қордан жаппай қаржы алу жалғасып жатыр. Бұл тенденция 2024 жылы да байқалды: қорға түскен қаражатпен салыстырғанда, жұмсалған ақша шамамен екі есе көп болды.

«Қордың валюталық активтерінің жалпы динамикасына 2024 жылы 6,3 трлн теңге көлемінде жасалған ірі көлемдегі аударымдар әсер етті. Оның ішінде республикалық бюджетке тікелей трансферттер – 5,6 трлн теңге. Сонымен қатар Қазақстандық эмитенттердің қаржы құралдарын сатып алуға 705 млрд теңге бөлінді:

  • 467 млрд теңге — “Қазатомпром” акцияларын сатып алуға;
  • 238 млрд теңге — ұлттық инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру үшін “Самұрық-Қазына” облигацияларын сатып алуға жұмсалды.

Ал 2024 жылы мұнай секторынан Ұлттық қорға түскен қаражат көлемі – 3,8 трлн теңге болды», -  делінген Ұлттық банк есебінде.

Сондай-ақ «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында 2024 жылы қазақстандық балаларға жалпы сомасы 696 миллион доллар есептелген.

Айта кетейік, бұған дейін 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында Ұлттық қордан жылдық жоспарланған трансферттердің 60 пайызы жұмсалып кеткен.

Тегтер: